Мединскийдің мәмілесі. Баку шамданғанда Мәскеу түсінік беруге мәжбүр болды

1287
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/a6cf853d-c2c6-4d3e-8945-20dd731e74b8-960x500.jpeg?token=fb3f5cdffaf5b972874c5660e6cc2108

Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский RT телеарнасына берген сұхбатында Таулы Қарабақтың «бұрын даулы аймақ» болғанын айтты. Әзербайжан сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемеге қатысты пікір білдірген, соңынан Ресей сыртқы саясат мекемесі оған түсінік беруге мәжбүр болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Әзербайжан тарапы Ресейді шындықты бұрмалады деп айыптаған.

«Мединскийдің президент көмекшісі әрі Ресейдегі тарихи ағарту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы бола тұра Қарабақтың ешқашан даулы аймақ болмағанын білмеуі — таңғаларлық жағдай. Біз Қарабақтың ежелден Әзербайжан жері екенін еске саламыз. Ресейдің өзі де  оны мойындаған және әлі мойындайды»,—деді Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айхан Гаджизаде.

Ол Әзербайжанның ешқашан басқа мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзбағанын да атап өтті.

«Мединскийге өз өкілеттігіне жатпайтын мәселелер жөнінде пікір білдіріп, мемлекетаралық қатынастарға нұқсан келтірмеуге кеңес береміз»,-деп толықтырды СІМ баспасөз хатшысы.

Көп ұзамай Әзербайжанның бұл мәлімдемесіне Ресейдің сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова жауап берді.

«Әңгіме тек қарулы қақтығыстың қайғылы салдары туралы болды. Контексте болмаған тұжырымдарды айтып, сөздерді орынсыз өзгертіп, оларға мүлде басқа мағына берудің қажеті жоқ. Ресей бұл аймақты ресми түрде Әзербайжан аумағы деп мойындайды. Ал Мединский тарихи аспект пен әлеуметтік-мәдени ерекшеліктер туралы айтты»,- деді ол.

Comments