Тағы да Тина. Бұл жолы Канделаки әскери байланысқа шұқшиды

474
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/01/68f4f22d-85c3-4c34-9bfa-3a1fd74f55c4-960x500.jpeg?token=4f8b1372a98b9bd474e44b22d64c7e7e

Тина Канделаки Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әскери келісімді сынап, оны «тарихты білмейтін елдің» қадамына балады, деп хабарлайды “Адырна”.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ұлыбритания қорғаныс ведомстволары арасында әскери әріптестік туралы келісім жасалғаны жұма, 6 маусым күні белгілі болған.

“Егер бір жаңалықты ешкім байқамасын десең – оны жұма кешке жарияла” дейді Канделаки.

Оның пайымдауынша, жексенбі күні Қазақстанның Қорғаныс министрі қызметінен босатылғаны бұл келісімді «жасыру әрекетін» растайды. Бұған қоса, демалыс күндері Лондонмен арадағы келісім туралы жаңалық Қазақстан Қорғаныс министрлігінің сайтынан алынып тасталғанын да айтып өтті.

“Ресейдің қас жауы саналатын елмен әскери әріптестік орнату – бұл теміржол станцияларын қайта атау емес. Былтыр осыған қатысты пікірім үшін мені Қазақстанның №1 жауы етіп шығарған. Бірақ бұл – одан да күрделі мәселе. Еске салайын, Қазақстан – ҰҚШҰ-ның (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы – ред.) мүшесі. Дәл осы әскери блок 2021 жылдың қаңтарында президент Тоқаев пен оның айналасын әскери төңкерістен құтқарып қалды. Венгрия немесе Словакия ЕО-ның сыртқы саясатымен келіспей тұрса да, Ресеймен әскери келісімге отыра қоймас еді.

Ал Ресейге дос көрінгісі келетін Қазақстан Британиямен ашық ынтымақтасып жатыр. Осылай бастағандардың соңы жақсылықпен аяқталмаған. Бірақ Қазақстанда тарих оқытылмайтын сияқты. Бәлкім, тек ойдан шығарылатын шығар”, – деді Канделаки.

Айта кетсек, 6 маусым күні Қазақстан мен Ұлыбританияның қорғаныс министрліктері әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойғаны хабарланған. Құжатқа сәйкес, тараптар бейбітшілікті сақтау, тілдік дайындық және қазақстандық әскери қызметкерлерді Ұлыбританияның жоғары әскери оқу орындарында оқыту бағытында жұмыс істемек.

Еске сала кетейік, Тина Канделаки бұған дейін де Қазақстандағы орыс тілінің қолданысына қатысты бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Атап айтқанда, елдегі теміржол станцияларын қазақшалау бастамасына қарсы шыққан. Осы мәлімдемелерден кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оған елге кіруге тыйым салды.

Сондай-ақ, бұған дейін Deutsche Welle ақпарат агенттігі Қазақстанда елге кіруге тыйым салынған тұлғалардың «қара тізімі» бар екенін хабарлаған. Бұл тізімде Канделакиден бөлек Ресей мемлекеттік думасының депутаттары Петр Толстой, Евгений Фёдоров, Константин Затулин, Вячеслав Никонов, жүргізуші Тигран Кеосаян, философ Александр Дугин, Россотрудничество басшысы Евгений Примаков және саясаттанушы Никита Мендкович те бар.

Comments