Қазақстанда соңғы 10 жылда екі ғана дәріні (йод және калий йодиді) жасауға 6 миллиардқа жуық теңге жұмсалды. Дегенмен, бұл препараттар денсаулық сақтау жүйесінде әлі де қолданылмайды және ешқандай медициналық формулярға енгізілмеген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов парламентте сөйлеген сөзінде айтты.
“Дәріні тіркеу үшін, өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек. Әрине мұндай қиындықтардан өту, тек алпауыт фармацевтикалық компаниялар және қымбат препараттар үшін мүмкін. Нәтижесінде, арзан, бірақ науқастар үшін ауадай қажет дәрілер тіркелмей қалады. Өйткені ол үшін жүгіретін ынта да жоқ, қызығушылық та жоқ”, - деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Фармацевтика саласындағы бар былықты депутаттар алдына жайып салған Жоғары аудиторлық палата саланың әбден қожырағанын айтты. 45 мың пациент дертіне дауа болатын дәрісін таппай сандалып қалған.
“Мәселен 2024 жылы еліміздегі мына нарықта бар дәрі-дәрмектің 84 пайызы шетелдік өнім екені белгілі болды. Қала берді мына соңғы 5 жылда біздің шетелдерден сатып алған дәрі-дәрмекке жұмсағанымыз 1, млрд доллардан 1,7 млрд долларға дейін жетті. Ал өзіміз білеміз мемлекет басшысы отандық дәрі-дәрмектің үлесі елу пайыз болу керек деді. Бұған қалай жетпек екені түсініксіз”, - деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.