Ұлттық банк кибералаяқтықпен қалай күресіп жатыр?

208
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/6390b119-2ff7-42ea-8305-72ce23f100e6-960x500.jpeg?token=30a9e5a5b18b38e9143ccd34fc1d8c52

Ұлттық банктің антифрод орталығы өз нәтижесін беріп жатыр. Айта кету керек, бұл орталық өткен жылы банктер, құқық қорғау органдары мен байланыс операторларының басын біріктіріп құрылған болатын.

Орталық осы уақыт ішінде 2,5 млрд теңгеден астам сома көлеміндегі залалдың алдын алып, 60 мыңнан астам инцидент тіркеді. Ең жиі кездесетін жағдайлар – телефон арқылы алаяқтық жасау (22%), жалған инвестициялық ұсыныстар және «дропперлік» карталар арқылы жасалатын операциялар (19%).

«Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы алаяқтық схемаларды болжау мүмкіндігін дамытуды жалғастырады және Бас прокуратура мен байланыс операторларының деректер базаларымен интеграцияланады», - деді Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі – цифрлық трансформация жөніндегі жетекші Бинұр Жаленов.

Бас банк пен еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бір жыл ішінде деректер алмасу платформасы құрылды. Бұл жүйеге банктер, төлем және микроқаржы ұйымдары, ұялы байланыс операторлары, уәкілетті құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар қосылды.

Сонымен қатар, алаяқтықпен күреске арналған орталықтандырылған жүйені қамтамасыз ететін заңнамалық база әзірленді. Бүгінгі таңда Антифрод-орталыққа 200-ден астам ұйым қосылған.

«Антифрод-орталығы – белсенді дамып жатқан экожүйе. Біз орталықты дамытуды әрі қарай жалғастыруға, соның ішінде заңнаманы жетілдіруге де қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті Ұлттық Банктің Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

Comments