Үндістанның батысындағы Ахмедабад қаласында апатқа ұшыраған Boeing 787 Dreamliner ұшағының 265 мәйіті қаладағы орталық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Report агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы қалалық полиция өкілі Канан Десаи журналистерге мәлімдеген.
«Біз алған есепке сәйкес, қазіргі уақытта 265 адамның денесі ауруханаға жеткізілді», - деді ол.
Бұған дейін Үндістанның ішкі істер министрі Амит Шах апат орнынан мәйіттерді шығару жұмыстары дерлік аяқталғанын хабарлаған еді. Алайда, нақты құрбандар саны ДНҚ сараптамаларынан кейін ғана белгілі болмақ.
The New Indian Express газетінің мәліметіне сәйкес, апаттан 310-нан астам адам қаза тапқан. Олардың ішінде ұшақтағы жолаушылар ғана емес, ұшақ құлаған ауданның тұрғындары да бар.
Министр Амит Шах трагедия орнына барып, қазіргі уақытта құрбандардың туыстарынан ДНҚ үлгілері алынып жатқанын айтты.
«Құрбандардың тұлғасын анықтау үшін шамамен мыңға жуық ДНҚ сараптамасы жүргізіледі», – деді министр.
Бұл — Үндістандағы ең ірі әуе апаттарының бірі ретінде тіркелуі мүмкін. Ресми органдар нақты себептер мен құрбандар санына қатысты қосымша ақпаратты алдағы күндері жариялайды.
Еске сала кетейік, маусым күні Ахмедабад–Лондон Gatwick бағытындағы Вoeing 787‑8 ұшағы апатқа ұшырап, бортта болған 242 жолаушының біреуі ғана аман қалған еді.