Министр мал шаруашылығының дамымауын әлі ет бағасынан көреді

2304
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/r7N7RdHnPHPH3gKmIRuNNhBxv8PsJfNgJzVafGk4.webp

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ет бағасының ұзақ жылдар бойы арзан болуы мал шаруашылығының дамуына теріс әсер еткенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген вице-премьердің сөзінше, нарықтағы еттің бағасы шаруаларды аса қызықтырмаған.

«Ұзақ жыл бойы ет бағасы 2500-2900 теңге болды. Бұл мал шаруашылығына кері әсерін тигізді. Себебі шаруашылықпен айналысуға ешкімнің ынтасы болмады. Сол үшін баға көтерілді. Қазір бұл салаға біраз адам назар аудара бастады», — деді Жұманғарин.

Сонымен қатар ол ет бағасы арзандай қоймайтынын, алайда Қазақстан ішкі нарықты толық қамтып, экспортқа да шығара алатынын атап өтті.

«Қырғызстанда ет бағасы Үкімет тарапынан реттеледі. Кеңес одағының өзге елдерімен салыстырғанда Қазақстанда баға төмен. Малшылар күні-түні еңбек етеді, өте ауыр жұмыс. Ондай еңбектің бағасы арзан болуы мүмкін емес», — деді ол.

Пікірлер