Ресей Қазақстан талабын орындаудан бас тартты. Балушкин мен Сағымбаевты қайтару мүмкін болмай тұр

867
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/DHzIJiej8mWmV2Qyhl8zZbotpozPyuI3JBjZ4jz6.jpg

Қазақстан билігі «Азия Авто – Бипэк Авто» компаниялар тобының бұрынғы басшылары Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевты Ресейден экстрадициялау бойынша әзірге нәтиже шығара алмады. Бұрынғы топ-менеджерлер бүгінде Ресей азаматтығына ие болған және сол елдің аумағында жүр. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Ведомствоның айтуынша, шетелде жүрген өз азаматтарына қатысты шетел соттарының үкімін тану мен орындау мәселесі 2002 жылғы құқықтық көмек туралы конвенциямен реттеледі.

Қазақстан Бас прокуратурасы Ресейге Балушкин мен Сағымбаевқа қатысты Қазақстан сотының үкімін тану және орындау туралы бірнеше рет ресми өтініш жолдаған. Алайда Ресей Әділет министрлігі өтініштерді қанағаттандырмаған.

Мұның себебі – Ресей Федерациясы аталған конвенцияны ратификациялау кезінде 109-бапты қолданбау құқығын қалдырған. Бұл бап ел азаматтарына қатысты шетел сот үкімдерін орындауды міндеттемейді.

Бас прокуратура екеуінің де халықаралық іздеуден алынбағанын атап өтті.

«Олар басқа мемлекет аумағында анықталған немесе ұсталған жағдайда, экстрадициялау жөніндегі жұмыс жалғасады», – деді ведомство.

Сонымен бірге, олардың Ресей азаматтығын алғаннан кейін Қазақстан азаматтығынан айырылғаны нақтыланды.

2025 жылғы сәуірде резонансты іс бойынша сот үкімі шыққан болатын. Анатолий Балушкин аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға сотталды. Ал Ерік Сағымбаев алаяқтық және салықтан жалтару баптары бойынша 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Екі бизнесмен де сот үкімдері шыққан кезде Қазақстаннан тыс жерде болған, сондықтан сырттай сотталған.

Пікірлер