ЮНЕСКО Халықаралық Көшпенділер мұрасы күнін бекітті

798
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tyqz4cU9senDsG1x5MRYuNkbCQK8SpoijmjJOAmu.webp

ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясында Халықаралық Көшпенділер мұрасы күні ресми түрде белгіленді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

 Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді. Қазақстан ЮНЕСКО қабылдаған қарардың тең авторы болып саналады. 

"Халықаралық Көшпенділер мұрасы күні бекітілді. Мұндай шешім ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-ші сессиясында қабылданды. Қазақстан ЮНЕСКО қабылдаған қарардың тең авторы. Бұл — көшпенді халықтардың әлемдік мәдени мұраға қосқан елеулі үлесінің дәлелі", - деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Аталған күн жыл сайын 22 қыркүйекте – күн мен түннің күзгі теңелуі кезінде аталып өтіледі. Депутат Бибігүл Жексенбай желідегі парақшасында жазды.
"Көшпенділер мұрасына арналған халықаралық күннің бекітілуі – жай ғана дата емес, адамзаттың ұмыт бола бастаған рухани тамырына қайта үңілуі.
ЮНЕСКО-ның мұндай шешімге келуі – ғасырлар бойы ұлы даланы мекендеген елдердің мәдениет пен өркениетке қосқан үнін мойындау. Бұл үн жаңа заманның да тұғырына айналып отыр.
22 қыркүйек – күн мен түн теңелетін шақ. Табиғаттың өзі тепе-теңдікке келетін осы мезеттің таңдалуы бекер емес. Көшпенді дүниетанымы да дәл осы үйлесімге, табиғатпен жарасымға, уақыт пен кеңістік арасындағы үндестікке құрылған.
Көшпенділер мұрасы – тек өткеннің елесі емес. Ол – бүгінгі жаһандану дәуірінде адамзатқа жетіспей тұрған рухани бағдар да, табиғатпен сөйлесудің тілін үйрететін ұстаз да екенін ұмытпағанымыз жөн.
Қазақстанның осы қарардың тең авторы болуы – өз тамырына деген құрметтің, ал әлемнің оны мойындауы – сол тамырдың тереңдігін көрсететін белгі. Тамаша бастама құтты болсын", - деп жазды.
Пікірлер