Келер жылы Алматыда бокстан әлем чемпионаты өтуі мүмкін

130
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/mEFGEiV4fOi60AKdKKGX1EqMdumiGGpRY3s758Eb.jpg

5 желтоқсан күні сағат 12:00-де Қазақ спорт және Туризм академиясында Қазақстан ұлттық студенттер спорт одағының президенті Қайрат Закирьяновтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Мәслихатта ол 2026 жылы елімізде бокстан студенттер арасында әлем чемпионаты өтуі мүмкін екенін мәлімдеді. 

Алғаш рет мұндай құрылықаралық спорт додасы Қазақстанда 2006 жылы өткен екен. Міне, араға 20 жыл салып, еліміз осы чемпионатты қайта өткізуге ниет танытып отыр.

Бұл мәселе 28 қарашада Қытайдың Макао қаласында Азия университетік спорт федерациясының Бас Ассамблеясында Халықаралық  университеттер спорт федерациясы тарапынан алдағы әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы ұсынысынан кейін туындаған. 

«Бұл ірі спорт ұйымдары елімізде бокстың дамуына назар аудара келе, Қазақстанға үлкен сенім артып отыр», - деді Закирьянов. 

Одан әрі, ол қазіргі әлемде Бокс Федерациялары арасында болып жатқан көпшілікке беймәлім біршама мәселелер туралы айтты.

«Қазір Халықаралық олимпиада комитеті мен AIBA  арасында шиеленісті жағдай орнады. Олимпиада комитеті 2019 жылы оны Олимпиадаға қатыстырудан шеттеді. Бұл әлемдік бокстың дамуына көптеген кедергілер туғызуда. Бұл ұйымның жетекшілігіне 2020 жылы Ресей кәсіпкері Умар Кремлев тағайындалған. Бірақ, 2022 жылғы Ресейдегі саяси жағдайларға байланысты екі арада қайшылық туындаған. Сондықтан студенттер арасындағы бокстан өтетін келесі чемпионат отандасымз Геннадий Головкин басқаратын World Boxing Халықаралық ұйымының өткізілуі мүмкіндігі қарастырылуда», -  деді спикер.

Сонымен қатар, Макаода 2029 жылы Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарын Қазақстанда өткізу ұсынылған. Бұл әлемдік спортта біздің елге деген сенімнің жоғары екенінің белгісі.

«Осы чемпионатты өткізудің елімізге пайдасы бар ма?» деген сұраққа мынадай жауап берілді:

  1. Жаңадан ашылған World Boxing Халықаралық ұйымының алдында Қазақстанның беделі артатын болады;

  2. Әлемдік бокстың орталығының бірі ретінде еліміздің халықаралық статусын бекітеді;

  3. Бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді;

  4. Жаңа таланттарға жол ашады;

  5. Қазақстандық және әлем университеттері арасындағы жан-жақты байланысты арттырады;

  6. Туризм саласына оңды ықпал етеді;

  7. Еліміздегі спорт ғимараттарын халықаралық стандарттарға сай етуге ықпалын тигізеді.

Осы тұрғыда, Қайрат Закирьянов 2025 жылы 15 қарашада Орталық Азия университеттерінің Бокс Федерациясын ашу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Оның мақсаты – Орталық Азия елдері боксшыларының өз чемпионаттарын өткізуі және нығайып келе жатқан Түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа ықпал ету. 

Жаңа ережеде «Орталық Азия мемлекеттері» қатарына Әзербайжан мен Моңғолия мемлекеттерінің университеттері де қосылады екен. Бұны, әрине,  ерекше атап өтерлік оңды шешім деп санауға болады. 

«Бұл чемпионатты өткізу туралы ұсыныс Қазақстан Олимпиада Комитеті мен Алматы қаласы әкімдігі тарапынан қолдау табады деген ойдамыз», - деді Қайрат Закирьянов өз ойын оптимистік сарында түйіндеп.

«Бастаған істеріңіз сәтті болсын» деп жиналған қауым тілектестік білдірді.

Әбдірашит Бәкірұлы

 

Пікірлер