Өзбекстанда тұңғыш президенттің қызы Гүлнара Кәрімованың Швейцариядан қайтарылған қаражаты есебінен ана мен нәресте өлімін азайтуға бағытталған бағдарлама жүзеге асты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы елдің экономика және қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылдың қыркүйегінде басталған жоба БҰҰ Балалар қоры, БҰҰ Халық қоныстануы қоры және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп іске асырылған. Бағдарламаға жалпы 43,5 миллион доллар бөлінген.
Қаражат шетелден қайтарылған және Гүлнара Кәрімовамен байланысты компаниялардың активтері шоғырландырылған «Ишонч» (Uzbekistan Vision 2030) қоры арқылы жұмсалған.
Жоба аясында ел бойынша 231 перзентхана заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 31 миллион доллар жаңа инкубаторлар, тыныс алуды қолдау жүйелері, анестезиологиялық құрылғылар және басқа да өмірлік маңызды медициналық техникаларды сатып алуға бағытталды.
Сонымен қатар 80 мыңнан астам медицина қызметкері біліктілігін арттыру курсынан өтті. Оқыту бағдарламасы перинаталдық көмектің заманауи әдістерін, жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді жүргізу және зертханалық диагностика салаларын қамтыды. Бұдан бөлек, өзбек дәрігерлеріне ана мен нәресте денсаулығын қорғауға арналған 49 клиникалық хаттаманы әзірлеу мен жаңарту бойынша әдістемелік қолдау көрсетілді.
Бағдарламаның тағы бір бағыты жүкті әйелдердің тұрақты медициналық бақылаудан өтуінің маңызын түсіндіруге арналған ақпараттық науқан болды. Соның нәтижесінде 4 миллионнан астам адам сапалы медициналық қызметке қол жеткізген.
Ресми статистикаға сәйкес, жоба іске қосылғаннан кейін елдегі ана өлімі 14,5 пайызға төмендеген. Сондай-ақ салмағы төмен болып дүниеге келген сәбилердің өмір сүру көрсеткіші шамамен 13 пайызға жақсарған.
Өзбекстандағы Швейцария елшісі Константин Оболенский қайтарылған активтердің ашық әрі есепті түрде пайдаланылуы Еуропа елі үшін басты басымдықтардың бірі екенін айтты. Оның пікірінше, «Ишонч» қоры бұл қаражаттың халықтың өмір сапасын жақсартуға тиімді жұмсалып жатқанын көрсетеді.
Айта кетейік, 2022 жылы Өзбекстан мен Швейцария БҰҰ аясында көпжақты сенім қорын құру туралы келісімге келген. Бұл қорға Гүлнара Кәрімова мен оның серіктестерінен тәркіленген шетелдік активтер аударылып, кейін оларды кедейлікті азайту, білім беру, гендерлік теңдік, денсаулық сақтау және тұрақты даму мақсаттарына жұмсау көзделген.
