Республика күні қарсаңында Шымкент қаласындағы Нұрлыбаев көшесі, №22 тозығы жеткен үйде тұрған 7 отбасы жаңа пәтерлердің кілтіне ие болды.
Қоныс аудару Көксай шағынауданын жаңарту тұжырымдамасының бір кезеңі саналатын реновация бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, тұжырымдама іске асырыла бастағаннан бүгінге дейін 135 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Пәтерлер Shymkent City және Тұран шағынаудандарындағы тұрғын үй кешендерінен беріліп отыр.
Жаңа пәтерлер толық әрленген және қоныстануға дайын. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету кезінде бұрынғы пәтерлерінің ауданы мен бөлме саны ескеріледі.
Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Шаһар басшысы отбасыларды маңызды оқиғамен құттықтап, жаңа қоныстарында амандық, отбасылық береке мен жылулық тіледі.
Еске салайық, Көксай аумағын жаңарту тұжырымдамасы баспана қорын кезең-кезеңімен жаңартуды ғана емес, инженерлік инфрақұрылымды дамытуды және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруды да көздейді. Тұрғындарды көшіру – аумақты жаңарту мен қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған осы өзгерістердің маңызды бөлігі.
Реновация бағдарламасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады. Негізгі мақсат – тұрғындарды қауіпсіз әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етіп, қаланың ескі тұрғын үй қорын жаңарту. Сонымен қатар, Көксай шағынауданында заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптастыру арқылы тұрғындар үшін қолайлы орта құру көзделіп отыр. Бұл бастамалар шаһардың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға да ықпал етеді.
Жаңа баспанаға ие болған отбасылар үшін бұл күн жаңа өмір кезеңінің басталуымен тең. Заманауи тұрғын үй кешендерінен берілген пәтерлер олардың тұрмыстық жағдайын жақсартып, тұрақты әрі жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді. Қалада жүзеге асырылып жатқан реновация жобаларының басты басымдығы – құрылыс жұмыстарымен қатар, тұрғындардың мүддесін ескеріп, әр отбасының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету.



