Бүгін ұлттық мереке – Республика күніне арналған мерекелік концерт «Астана» алаңында қайта жалғасты. Концерттік бағдарламада отандық эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар қала тұрғындары мен қонақтарына әсем әндерін тарту етіп, мерекені сезіндірді.
Атап айтқанда, сахна төрінде Жұбаныш Жексенұлы, Нұржан Керменбаев, Мәдина Сәдуақасова, Дастан Оразбеков және тағы басқа танымал әншілер өнер көрсетті.
Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырған ауқымды мәдени іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің, ұлттық мерекенің маңызын насихаттауды мақсат еткен.
Республика күні өткенді бағамдап қана қоймай, ел болашағына жауапкершілікпен қарап, жаңару мен жасампаздыққа ұмтылуға үндейтін маңызды мереке. Биыл бұл мереке Қазақстанның жаңа тарихи белесі – Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Айтулы мереке Шымкент қаласында кең ауқымда аталып өтті.
Мерекелік концерт барысында сахнадан шырқалған патриоттық әндер мен әсем әуендер көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Қала тұрғындары мен қонақтары өнерпаздардың өнерін жоғары бағалап, әншілерге қошемет көрсетті. Әсіресе, танымал эстрада жұлдыздарының қатысуы концерттің мазмұнын байытып, көрермендердің мерекелік көңіл күйін көтере түсті.
Сонымен қатар мұндай мәдени іс-шаралар тұрғындардың рухани өмірін байытып, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндік береді. Ортақ мерекеде бас қосқан жұртшылық ел тарихындағы айтулы күннің маңызын сезініп, тәуелсіздіктің қадірін тағы бір мәрте бағамдады. Республика күні – ел азаматтарын ортақ мақсат пен жарқын болашақ жолында біріктіретін, ұлттық рухты көтеретін ерекше мереке.
Осылайша екі күнге жалғасқан мерекелік кештің соңы жарқын отшашумен қорытындыланды. Көкке көтерілген түрлі түсті отшашу қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлап, мерекелік бағдарламаның шарықтау шегіне айналды. Шымкенттіктер ұлттық мерекені көтеріңкі көңіл күймен атап өтіп, есте қаларлық әсерге бөленді.
