Алматыда жасанды интеллект пен цифрлық сервистер арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған жаңа форматтағы Халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылды, деп хабарлайды "Адырна".
AI-ХҚКО деп аталатын орталықта тұрғындар бірқатар қызметті өз бетінше алып, цифрлық технологияларды қолдануды тегін үйрене алады.
Жоба Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры мен Halyk Bank қолдауымен жүзеге асырылды.

Жаңа орталықта жедел қызмет көрсету, цифрлық сервистерді пайдалану, кеңес алу, оқыту және демалыс аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуге өтінішті өз бетінше беруге мүмкіндік беретін құжаттандыру терминалы орнатылған. Оның көмегімен өтінішті бірнеше минут ішінде жолдауға болады.
Орталық жұмысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделгенімен, келушілер мамандардың көмегіне жүгіне алады. Қызметкерлер сервистерді пайдалануды түсіндіріп, мемлекеттік қызметтерге қатысты сұрақтарға кеңес береді.

Мұнда тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға да басымдық берілген. Арнайы жабдықталған оқу аймақтарында азаматтар электронды үкімет порталын және басқа да цифрлық құралдарды қолдануды тегін үйренеді. Сабақтар сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өтеді.
Halyk қайырымдылық қорының бас директоры Сағынбек Шүнкеевтің айтуынша, орталықты жөндеу мен жабдықтауға қор мен Halyk Bank бірлесіп 150 миллион теңге бөлген. Ал қордың GR бағытының жетекшісі Дамир Иралимов цифрландырудың басты мақсаты жаңа технологияларды енгізу ғана емес, азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдету екенін атап өтті.
«Біздің пайымдауымызша, цифрландырудың нәтижесі енгізілген технологиялардың санымен емес, азаматтардың өмірі қаншалықты жеңілдеп, қолайлы бола түскенімен өлшенуі керек. Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Ал Halyk Bank осы өзгерістердің бір бөлігіне айналды. Біз мемлекеттік және қаржылық қызметтерді азаматтарға үйреншікті ортада – жылдам әрі ыңғайлы, мемлекеттік мекемелерге баруды қажет етпейтін форматта ұсыну үшін цифрлық арналарды дамытуға жүйелі түрде инвестиция салып келеміз», – деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде Halyk Bank 11 миллионнан астам клиентке қызмет көрсетеді. Ал ай сайын банктің мобильді қосымшасын шамамен 8,9 миллион адам пайдаланады. Halyk қосымшасында анықтамалар мен цифрлық құжаттарды алудан бастап, бизнес тіркеу, салық төлеу және медициналық қызметтерді пайдалануға дейінгі 84-тен астам мемлекеттік қызмет қолжетімді.
Сондай-ақ ол бұл көрсеткіштердің артында азаматтардың үнемдеген уақыты, кезектердің азаюы және күнделікті мәселелерді санаулы минут ішінде шешу мүмкіндігі тұрғанын атап өтті.
Алматыдағы жаңа цифрлық кеңсе қала әкімдігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ қолдауымен ашылды.


