2025 жылы Қазақстанда жол апаты үш есеге артты. Төрт айда 558 адам қаза тапқан

4396
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2023/09/zhol-apaty-turaly-960x500.jpg?token=463eb050c49e6de1bdaed9fa63e4dc50

Қазақстанда 2025 жылдың алғашқы төрт айында жол-көлік оқиғаларының саны күрт артты. Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің деректеріне сәйкес, осы кезеңде 9,2 мың жол апаты тіркелген — бұл 2023 жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда үш есе көп. Апат салдарынан 558 адам қаза тапты, шамамен 12,5 мың адам түрлі жарақаттар алды. Бұл туралы tengrinews.kz сайты жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Жол апаты жағдайы әсіресе Алматы мен Астанада ушығып тұр.

Алматыда 2023 жылдың алғашқы төрт айында 1 000-ға жетпейтін жол апаты тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш екі есеге жуық артқан. Ал 2025 жылы 2 200-ден астам апат болған. Көлік қозғалысы тығыз қалада мұндай жағдай бұрыннан қалыпты көрінгенімен, қазір бұл жағдай барған сайын күрделене түсуде.

Астанада 2023 жылы 150 жол апаты болса, 2025 жылдың көктемінде бұл көрсеткіш 500-ден асып кеткен. Яғни, екі жыл ішінде апаттар саны үш есе артқан.

Басқа өңірлерде де осындай үрдіс байқалады. Ақтөбе мен Атырау облыстарында апаттар саны төрт есеге — 100-ден 500-ге дейін көбейген. Қызылорда облысында да өсім үш есеге жуық.

Бұрын апат аз болатын аймақтарда да күрт өсім байқалады. Жетісу облысында — 126-дан 323-ке, Павлодар облысында — 129-дан 317-ге дейін артқан. Солтүстік Қазақстан облысында апаттар саны екі есеге өскен.

Жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім бойынша өңірлер арасында үлкен айырмашылық бар.

Ең жоғары қауіп Түркістан облысында тіркелген: әр бесінші жол апаты (19,8%) адам өлімімен аяқталады. Одан кейін Қарағанды облысы тұр — мұнда әр оныншы апатта адам қайтыс болады (15%).

Алматы және Ақмола облыстарында әр оныншы апат өліммен аяқталады. Бұл көрсеткіш — жалпы апат санының өсуі аясында өте алаңдатарлық.

Ал Алматы қаласында өлімге әкелген апаттардың үлесі 1 пайыздан аз, Астанада — 1,7 пайыз. Мұны ірі қалаларда жедел қызметтердің жылдамдығы, медициналық көмек пен инфрақұрылымның дамығандығымен түсіндіруге болады.

Кім кінәлі?

Жол апаттарының басым бөлігі жүргізушілердің кінәсінен орын алады. Жыл басынан тіркелген 9 мыңнан астам апаттың шамамен 8 мыңы — жүргізушілердің жол ережесін бұзуына байланысты болған. Жаяу жүргіншілер 265 оқиғаға кінәлі деп танылған.

Жол сапасы, мердігерлер немесе коммуналдық қызметтер апатқа сирек себеп болады. Бар болғаны 3 оқиға — жол қызметкерлерінен, 1 — мердігерден, 44 — коммуналдық немесе басқа себептермен байланысты болған.

Жүргізушілердің кінәсінен апат көп тіркелген өңірлер: Алматы қаласы, Алматы, Ақтөбе және Атырау облыстары.

Неліктен апаттар көбейді?

Маман Әсел Байдәулетованың айтуынша, себеп бірнешеу: жүргізушілердің шаршауы, зейінсіздігі, рөлде отырып телефон қолдану. Елде көліктер саны артып келеді, ал жолдар мен қозғалысты ұйымдастыру жүйесі бұл өзгеріске ілесе алмай жатыр.

Оның пікірінше, мәселе тек жүргізушілерде емес:

«Кейбір апаттар ескі жол белгілері, дұрыс бапталмаған бағдаршамдар мен қисынсыз қозғалыс жүйесі салдарынан болады. Бұл заң мәселесі емес, бұл — қалалық басқару мәселесі. Мұнда жаңа тәсілдер мен нақты ережелер керек», — дейді «Автокөмек» компаниясының бас директоры.

Апат санын азайту үшін не істеу керек?

Сарапшылар мынадай шешімдерді ұсынады:

  • Жүргізушілерді сапалы оқыту — практика мен заңдарды нақты білуді басты назарға алу;
  • Жиі тәртіп бұзатындар үшін қайта оқыту мен емтихан тапсыруды енгізу;
  • Мектептер, жаяу жүргіншілер өткелі, аулалар сияқты апатты аймақтарда бейнебақылауды дамыту;
  • Бейнетіркеуіш (видеорегистратор) орнатуды ынталандыру — мысалы, салық немесе сақтандыру жеңілдіктері арқылы;
  • Әсіресе жаңа шағынаудандарда тротуар, бағдаршам сияқты жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту.

«Басты мақсат — тек апат санын азайту емес, жол қозғалысына қатысушылар арасында өзара құрмет қалыптастыру», — деп түйіндеді сарапшы.

Пікірлер