Батырларды майданнан аман келтірді - Мұздыбаев қайта өлтірді - Қазыбек Иса

7786
Adyrna.kz Telegram

Аманатқа қиянат жасаған мұндай  мыңдаған Мұздыбаев сияқты әкімдерден құтылмай қайдағы жаңару, Президент мырза!

Республикалық “Қазақ үні” ұлттық порталындағы белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіттің  ашынып отырып жазған (қаны қазақ, жаны азаттың шыдауы мүмкін емес шынында) мақаласындағы масқара оқиғаны  оқып, менің де қан қысымым көтерілді.

Қане, дәрі-дәрмегімізді ішіп алып, қайта оқып көрейік:

“Ақмола облысы Бурабай ауданы әкімі Асет Муздыбаев дегенің аудан орталығы Щучинск кентінен Едомская (?) көшесіне Бауыржан Момышұлының, Коммунистік көшесіне Рахымжан Қошқарбаевтың, Трудовая көшесіне Талғат Бигелдиновтің аты берілуіне қарсы шығып, көнбей қойыпты:

«Ономастикалық комиссияның оң шешіміне қарамастан бұл талқылау болмайды. Қазір қоғамдық-саяси жағдай бұған мүмкіндік бермейді. Егер көше атын өзгертсек, ол жерге асфальт төселіп, жарық пайда бола ма? Бұл қазір көтеретін мәселе емес» -деп оттапты”-дейді мақалада.

Иә, тура осылай депті әкімің! Басшысы мұндай болса, қосшысы оңсын ба, қасында отырған Щучинск (?) қаласының әкімі Ерлан Қаппаров та оның сөзін қоштай жөнеліп, “есть важнее дела, чем переименоваине улиц”деп, алдына түсіп алып шауыпты…

Бұл не масқара!

Құдай қазақтың қасиетті қас батырларын мұздай қаруланған қан майданнан аман келтірді - Мұздыбаев  қайта өлтірді!.

Қанымыз басымызға шапшып отырып,  атақты үш батырдың әруағынан кешірім сұрап, дұға жасадық…

Сонда “Коммунистік” деген Кеңес империясының сарқыншақ ұғымы Екінші дүниежүзілік соғыста Берлинді қоршаған  әлемнің 1,5 миллион әскерінің  ішінен жанқиярлық ерлік көрсетіп, Рейхстагқа ту қадаған қаһарман Рахымжан Қошқарбаевтан қадірлі ме әкім Муздыбаевқа?!.

Ерлігі әлемге аңыз болған баһадүр Бауыржаннан “Едомская”(?), екі рет Кеңес Одағының Батыры, ақиық қыран Талғат Бигелдиновтен “Трудовая” артық па, әкім Муздыбаевқа?!.

“Ономастикалық комиссияның оң шешіміне қарамастан бұл талқылау болмайды.”-деп жеке дара билеп-төстеп үйренген әкім. Онда бәрін өзі шешсе, ономастикалық комиссия ойыншық болса, оны не үшін құрған?!. Сол баяғы көзбояшылық па?

“Қазір қоғамдық-саяси жағдай бұған мүмкіндік бермейді. Бұл қазір көтеретін мәселе емес”-деп көлгірсиді әкім.

Қазір саяси жағдай қиын болатындай немене, Бурабайды жау шауып па?!.  Қаңтардағы оқиғаның бір ұшқыны ғана жетсе, көлеңкесі де табылмайды ғой мына әкімнің… 30 жыл орнынан қозғалмаған көше  аттарын  қазақыландыру қазір көтеретін мәселе болмағанда, енді тағы 30 жыл күту керек пе?

Менің таңғалғаным, бүкіл қазаққа ортақ бұл үш батырымыздың барлық жерде көшесі бар да, Бурабайда неге жоқ әлі? Әкім қатты қорғап отырған Едомская, Коммунистік көшелері бар да, Ерлеріміздің атында неге жоқ? Мен білсем, Рахымжан Қошқарбаев пен Талғат Бигелдинов осы Ақмола өңірінен. Ал Баукеңнің тіпті шетелдерде де көшесі бар.

Қашан Бурабайда қазақтың ұлы тұлғаларының аты асқақтайды?

Ұлттық  мүддені қорғап, көше аттарын қазақыландыруда қайрат көрсетіп, шырылдап жүргені үшін Бурабай аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі меңгерушісі Дина Қасымбаеваға рахмет. Әкімнің әйел ғұрлы қауқары жоқ екені ұсқынынан-ақ көрініп тұрғаны аянышты…

“Егер көше атын өзгертсек, ол жерге асфальт төселіп, жарық пайда бола ма?”-дейді әкім Муздыбаев.

Міне, біздегі аудан әкімдерінің асфальттан да төмен ойлау деңгейі!  Асфальт пен жарық Ұлттық рухтан қымбат па сонда?!.

Бұндай, өмірі ұлттық рух, бабалар мұрасы, дәстүр жалғастығы, қасиет пен өсиет, тарихи таным  мен өткенді қастерлеу, ұлт ұлыларын ұлықтау, ұрпақ сабақтастығы,  Мемлекеттілік пен Ұлтшылдық, Патриотизм, Елді, Отанды сүю ұғымдарынан жұрдай пақыр қалай әкім болып, аудан басқарып жүр?!. Бірақ бізде бәрі бола беретінін 30 жылдан бері көріп келеміз ғой…

Бұл басқарып отырған Бурабай ауданы  атақты айбарлы Абылай ханның ақ ордасы, Тәуелсіздік үшін күрескен соңғы ханымыз Кенесарының  киелі мекені болғанын біле ме екен өзі?!.  Әй, қайдам!?. Жалпы, сол хандардың өзін білетініне күмәнім бар мынау масқара былығына қарағанда…

Бәлкім, Абылайдың түсіндегі бақа-шаянға айналып кеткен, азған ұрпағының бірі  сол Бурабай баурайында жүр ме екен?!.

Бұлар тіпті,  бұдан 30 жыл бұрын Тәуелсіздік алғанымыздың өзін біле ме екен?!.

Бірақ, таңғалатын ешнәрсе жоқ! Мұндай Мұздыбаевтар мыңдап саналады!

Міне, біздің 30 жылғы Ұлтсыздық идеологиямыз!

Міне, біздің Тәуелсіздіктің берік тірегі  болуы тиіс Ұлттық идеологиядан 30 жылдан бері түк те істелмегені!

Жиында отырғанның ішінде бір орыс жоқ, Муздыбаевтан бастап бәрі бір ауыз қазақша қоспай тек Ресей тілінде сөйлеп отыр! Мынау видеоны көргендер  бұл бір Ресей губерниясының алыс орманды түкпірінде өтіп жатқан жиын екен деп ойлап қалатыны анық…  Тілдері орысша болғанмен, түрлері ұқсамағасын кімдерге ұқсататынын кім білсін…

Бұл түрлерімен бұл екі әкімнің де Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаевпен де, тіпті Президентпен де Ресей тілінде сөйлесетіні анық!

Жалпы, мұндай Муздыбаевтар бізде әлі күнге мыңдап саналатыны өзек өртер өкінішті!

Асет Муздыбаевтың (төлқұжатында да, қай жерде де Әсет Мұздыбай деп өмірі жазып көрмегеніне бәс тігемін) бұрынғы “Нұр Отан”, қазіргі “Аманат” партиясының  мүшесі екені, жай мүшесі емес аудандық филиалының төрағасы екені  айдан анық.

Кеше ғана партия атын “Аманат” деген киелі ұғымды білдіретін атауға ауыстырып тұрып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: “Біз "Аманат" деген атауға тоқтадық. "Аманат" қазақ тілінен аударғанда бабалар өсиеті, ұрпаққа аманат деген мағынаны білдіреді. Сондықтан партияның "Аманат" деп аталуын ресми түрде қолдаймын. Мемлекеттілік, дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз, міне, осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», –деп мәлімдеген еді.

Ал Қазақтың аты аңызға айналған нағыз батырларының атын кастерлеу - Бабалар Аманаты!

Ерекше Ерлеріміздің есімдерін қадірлеу - Ел Аманаты!

Ұлттық мүддемізді қорғап, Ұлыларымызды ұлықтау - Ұлт Аманаты!

Ендеше, Ақмола облысы Бурабай ауданы әкімі Асет Муздыбаев өз партиясы атын алып отырған Ұлт Аманатын  табанға таптап, қазақты қызыл қанға батырған қызыл империя партиясының атын сақтап қалып отырған жоқ па?!.

Яғни, Аманатқа қиянат жасап отырған мұндай  мыңдаған Мұздыбаев сияқты әкімдерден құтылмай қайдағы жаңару, қайдағы “Жаңа Қазақстан”,  қадірлі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Пікірлер