Гүлжан ТУЛЕКОВА: Талап қоя біліп, ойын еркін жеткізе білген мұғалім ғана өз мәртебесін көтере алады

4380
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық ғылымның бүгінгі күнгі деңгейі қандай? Биліктің бұйрығымен тапсырылған ғылымға қатысты ұлттық жобалар қалай жүзеге асуда? Аталған тақырыптарға қатысты жауапты «Адырна» тілшісі филология ғылымдарының кандидаты, доцент Тулекова Гүлжан Қажымұратқызынан сұрап білді.

- Сіз филология ғылымдарының кандидаты ретінде, ұстаз  ретінде мұғалімнің дәрежесін қандай талаптар бойынша аса құрметті мамандық деп есептер едіңіз?

-Мұғалім аса құрметті мамандық екені баршамызға белгілі. Ең бірінші бүгінгі таңда болып жатқан көп талқы осы ұстаз бен шәкірт арасындағы түсініспеушілік мәселесі. Қазір де ондай жағдайлар белең алуда. Осы тұрғыда Ыбырай Алтынсариннің ұстаздарға қатысты айтып кеткен, былайша айтқанда «шпаргалка» сөзі бар: «Ұстаз өзінің алдында отырған шәкіртке өте жеңіл тілде түсіндіруі керек» дейді. Дәл осы сөзді Ахмет Байтұрсынов та қостап кеткен. Сондықтан да, мейлі қаншалықты қиын болса да, мұғалім белгілі бір тақырыпты, ақпаратты түсіндірген кезде еркіндік пайда болуы тиіс. Бала тіліне жатық тілде түсіндірген жағдайда, бала да ақпаратты еркін қабылдайды. Осы екі ортаны мықты ұстаған ұстаз ақпаратты шәкіртке бірден қабылдатқыза алады. Сондай жағдайда ғана ұстаздың шәкірт алдындағы титулы артады. Әуелі, мұғалім мен шәкірт ортасындағы байланыстың өзегі мықты болған жағдайда, ұстаз кез келген жайтта түсініп, өзінің ұстаз екенін көрсете алған жағдайда мәртебе деген ұғым содан басталады. Сәйкесінше, ұстаздың мәртебесі балаға қабылдатқыза алғандығынан және шәкірт оны қабылдай алғандығынан бастау алады. Жеңіл тілде сабақ беріп, шәкіртінің алдында кең көсіліп, еркін қанат қаққан ұстаз білім алушының жүрегінен орын алады. Өзгені сыйлаған, өзін де сыйлата алады. Мейлі ол қаншалықты қиын тақырып болса да, ұстаз оны жеңіл түрде түсіндіре алса, шәкірт ұстазды да жақсы көреді, мұғалімнің сабағына еркін бара да алады.

Қазіргі жас мамандар білім беру тізгінін еркін ұстауға қорқа ма, әлде өздерінің қаталдық дәрежесін көрсеткісі келе ме, он жылдық тәжірибесі болса да өзінің мұғалімдік титулынан айырылып қалам ба деген қорқынышы бола ма, әйтеуір мен атап кеткен шәкірт пен ұстаз арасындағы осы байланыстан айырылып бара жатыр. Талапты қоя біліп, ойды еркін жеткізе білген мұғалім ғана өз мәртебесін көтере алады деп ойлаймын. Мәселен, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин балаларға «Г» дыбысын үйретерде: «Балалар, «Г» дыбысының ортасынан екі қолын шығарып белін буса, «Ғ» дыбысы шығады» деп жеңіл түрде ұғындырып береді. Осылайша ұлы тұлғалар салған сара жолды мына біз жалғастырар болсақ мәртебеміз биіктері анық.

-Билікте қазақ тілін білмейтін адамдар әлі де көп. Бұл нені білдіреді: тілді білуге мұқтаждық жоқ па, әлде тіл саясатын қолдаудағы енжарлық па?

-Сіздің бұл қойған сұрағыңыздың екеуі де сол билікке бара жатқан адамның ойында бар және ол «қалыптастыруға талпынамын» деген ойдың алыстығында жатыр. Себебі, ата-ана баланы даму дәрежесіне қарай орыс тіліне негіздеп, орыс сыныбына береді. Мектепті орысша оқиды, ЖОО орысша бітіреді, араласатын ортасы да орыс тілді және сәйкесінше сол адам орысша ойлайды. Сол уақытта ата-ана да, қоғам да дәрменсіз күйде қалады. Біз оны тіл саясатын қолдаудағы енжарлық деп айта алмаймыз. Ол адамның қабылдау деңгейі тек орыс тілінде болғандықтан, санасы орысша құрылады. Әйтсе де, ол ұлттың тарапына келгенде таза орыс болып кеткен жоқ. Санасы қазақша болып тұрса да, айтылатын ойы, берілетін пікірі, сөзі орысша. Сондықтан да, біз енжарлық танытылуда деп кесіп айта алмаймыз. Мұнымен күресуге болады, бірақ ол үшін тұлға «А» мен «Б» әрпін қазақшадан бастауы керек. Санасын тұтастай қазақшаға өзгерте алмайды. Өйткені, қабылдау деңгейі жүре келе солай қалыптасты. Өз-өзін жетектесе, өзінің күнделікті жоспарын, жобасын қазақша саралап, ортасында қазақ тілінде сөйлесе, қазақи ортада мәселелерді шешіп, талқылайтын болса, бәлкім тілдік қолданыс өзгерер ма еді?!  Биліктегілердің барлығы орысша сөйлеп, берілген қазақша мәтіндегі дыбыстық қатынастарды дұрыс айтпайтын болса, шала қазақтық интонацияда сөйлейтін қазақтардың ойын басқа біреу жазып беретін болса – мәңгүрттік осы жерде жатыр.

-«Тіл туралы» Заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Сіз ұстаздық етіп жүрген салада мемлекеттік тіл саясаты қаншалықты жүзеге асуда?

-Біздің қызмет етіп отырған орта - ЖОО ортасы. Біздің мекемеде үш тілде бірдей құжаттар реттеледі. Басшылық орта орыс ұлтынан болғаннан кейін есеп тапсырған кезде қазақшаны бұрмалап, орысша жеткізуге тырысамыз. Ол бізге қиындық туғызады. Қазақ тілінде тапсыруға, айтуға тырысқаныңмен мәліметтер құжаттар орысша беріледі. Сол себепті сәйкесінше біз де сұраныстағы тілде тапсырамыз. Қазақша жазылған есептердің іші емес көрсетілген саны оқылады.

Тіл мәртебесіне келгенде іштей қынжыламыз. Бірақ, атқарылып жатқан шараларға орысша, қазақша деп бөліп, тиісу болған емес. Алайда, кейде талап етілген қажетті жағдайларда орысшалауға тура келеді.

-Білім мен ғылым саласында көптеген реформалар жүргізіліп, көп өзгерістер енгізілді. Қазіргі таңда Қазақстандағы ғылымның дамуына қандай баға берер едіңіз?

-Мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға көп кітап берілетін. Әдебиеттік оқу, математикалық сауаттылық, оның әрқайсының екі-үштен бөлімі бар болатын. Жасы өсіп келе жатқан баланың арқасындағы көп кітап салынған рюкзагының салмағы 25-30 кг болды. Қазір балам бесінші сыныпқа келді. Белі бүкірейіп қалды. Осы сынды мәселелерге қатысты Асхат Аймағамбетов кітап сапасына назар салуды қолға алып отыр. Онымен қоса "әліппені" қайта оқуға енгізді. Мұны қос қолдап қолдаймын және оң іс, оң бастама деп баға берер ем. Кітап шығарғыштар көп кітап жазып, қаражаттарын қалталарына басып жатқан шығар. Бірақ ол қаншалықты сапалы? Біз сапасына қаншалықты мән бердік? Осы сынды сұрақтарға енді назарға алынуда. Бұл мектеп жағдайындағы білімнің дамуындағы бірден-бір оң бастама.

Ал енді ЖОО алар болсақ, ағылшын тілін білетіндерге көп жол ашық. Бірақ, ағылшын тілін ешкім тегін оқытып жатқан жоқ. Ағылшынша білмейтін мұғалімдерге жұмыс жасау қиын. Сіз ағылшын тілін білмейсіз, сол себепті сізбен жұмыс жасамаймыз дейді көбі. Сонан кейін біз сияқтылар көмулі күйде қалуда. Тегін оқыту курстары ұйымдастырылмайды. Ондайлар болғанның күннің өзінде де, мектепте ағылшынша оқығандарға ілесу оңайырақ болар, ал біз секілді немісше хат танығандарға бұл қиынға соғуда. Шет елдік курстарға, командировкаға барыңыз деген сияқты ұсыныстар түсуде. Тақырыптар бізге ұнайды, біздің деңгейіміздегі алып кететін дүниелерді қарастырамыз, бірақ әттең ағылшынша. Әйтсе де, әлемдік рынокта білім шыңына көтерілу даму үстінде.

-«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының бесінші міндеті бойынша — қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. ЖОО бәсекеге қабілеттілігі арту үшін қайндай әрекеттер жасалуы тиіс?

-Тұран университеті биыл сапа жағынан ХХІ ғасыр көшбасшылығын мойындатты. Құрылғанына 30 жыл толған, білім сапасы жағынан да өзгеге үлгі боларлықтай деңгейде. Сол себепті де, бәсекеге қабілетті бірден-бір ЖОО деп ауыз толтырып айта аламын. Бәсекеге қабілеттілік әр ұстаздың, әр ғалымның титулының жоғарғы деңгейге көтерілуіне көмек көрсетуден басталуы керек деп ойлаймын. Мәселен, мемлекеттің тарапынан берілетін гранттар саны біздің универде аз. Неге соны көбейтпеске? Сонда бәсеке осы және басқа ЖОО артар еді.

-Жауаптарыңызға рақмет!

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер