Балаларға арналған қос еңбек қазақ тіліне аударылды

2021
Adyrna.kz Telegram

«Банк ЦентрКредит» АҚ және «Мазмұндама» қоғамдық қоры бірлесіп, балаларға арналған екі кітапты қазақ тіліне аударды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Атап айтсақ, бүгін «Мазмұндама» қоғамдық қоры «Банк ЦентрКредит» АҚ демеушілігімен қазақ тіліне аударған Шон Ковидің «Жасампаз жасөспірімдердің 7 дағдысы. Ұтқыр әрі озық болудың жолдары» және Сабол Стефанидің «Күн жүйеcі қайда орналасқан?» атты кітаптар көпшілікке таныстырылды.

«Біз өскелең ұрпаққа жіті көңіл бөлеміз. Әлемдік деңгейдегі туындылардың қазақ тіліне аударылуы маңызды идеология деп ойлаймын. Бала – ертеңгі ел азаматы, ал жастар – елдің болашағы. Сол себепті кітап оқу – болашаққа салынатын инвестиция. Жалпы, банк балаларға арналған көптеген әлеуметтік бастамаларды қолдап қана  қоймай, дербес жобаларды да жүзеге  асырып келеді. Қазіргі таңда біз шахмат федерациясын, «Баланы қорғау» жобасын мектептерге енгізіп, банк бөлімшелерінде Junior bank негізінде балаларға арналған Kids room бастамасын жүзеге асырып жатырмыз», – деді «Банк ЦентрКредит» АҚ Басқарма төрағасы Ғалым Хұсаинов.

Жоғары сұранысқа ие бестселлер туындылар бүгінде еліміздің барлық кітап дүкендеріне сатылымға шықты. Оқырмандарға тағы бір жағымды жаңалық — алдын ала тапсырыспен аталған кітаптардың электронды нұсқасын да алуға болады.

— «Мазмұндама» қоғамдық қоры осы уақытқа дейін дүниежүзіне миллиондаған данамен тараған бестселлерлерді, әлем әдебиетінің жауһарларын, танымдық туындыларды, жалпы алғанда 70-ке жуық кітапты қазақ тіліне аударды. Біздің мақсатымыз – қазақ тілінің мазмұнын байыту арқылы қазақ жастарының өз ана тілінде маңызды ақпараттарды алуына ықпал ету. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында бізге қолдау көрсетіп, демеуші болған «Банк ЦентрКредит» АҚ басшылығына алғыс айтқымыз келеді», – дейді «Мазмұндама» қоғамдық қоры басшысы Сейілхан Теңіз.

Кітаптарды таныстыру іс-шарасы «Алматы Кітап» баспа үйінде өтті. Тұсаукесерге екі кітаптың да қазақ тілінде жарық көруіне атсалысқан шығармашылық топ, К. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары, «Игра» актерлік мектебінің шәкірттері, Лермонтов атындағы ұлттық орыс театрының актерлері мен «Жас Сахна» театрының актерлері қатысты. Іс-шараға ақпараттық қолдау көрсету үшін 60-тан аса БАҚ өкілі келді. Олардың қатарында біздің «Адырна» ұлттық порталының бас редакторы Арман Әубәкір де бар.

— «Банк ЦентрКредит»-тің осындай бастама көтеріп, балаларға арналған пайдалы жобаларды жүзеге асырып жатқанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта білім көкжиегін кеңейтемін деген әрбір оқырман, әрбір бала осы кітаптарды оқыса екен дейміз. Біз де осы шараны ақпараттық қолдау үшін тұсаукесер рәсіміне қатыстық. Биылғы Балалар жылында бұл біздің балаларымызға үлкен қолдау, — дейді  «Адырна»  ұлттық порталының бас редакторы Арман Әубәкір.

 

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер