Қазір Иранда 132 қазақстандық, ал Израильде 219 қазақстандық бар. Бұл туралы бүгін, 16 маусымда Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте ресми өкіл Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол консулдықтар азаматтармен тұрақты байланыста екенін және қаза болғандар мен жараланғандар арасында қазақстандықтардың жоқ екенін мәлімдеді.
Айтуынша, екі ел арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты БАӘ-ден 300 отандасымыз үйіне қайта алмай отыр.
«Қазіргі таңда кейбір әуе компанияларының БАӘ-ден Қазақстанға рейстері тоқтауына байланысты Қазақстан Республикасының 300-ге жуық азаматының елге жетуі бойынша уақытша қиындық туып отыр. Олардың көпшілігі —туристер. Оқиға орнында дипломаттарымыз жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта әуе компанияларымен жасалған келісімнің арқасында азаматтардың жартысынан көбі елге оралады деп күтіліп отыр»,— деп түсіндірді Айбек Смадияров.
Ресми өкіл Израиль мен Ирандағы қазақстандықтарға қауіпсіздік шараларын күшейтуге кеңес берді.
«Израиль мен Ирандағы қазақстандықтарға тұрғылықты жерлерін аса қажеттіліксіз тастамауға, қауіпсіздік шараларын күшейтуге, сақтық пен қырағылық танытуға, жаңалықтарды бақылап отыруға және жергілікті билік органдарының нұсқауларын сақтауға кеңес береміз. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстанның Иран мен Израильдегі елшіліктерімен байланыста болуды сұраймыз»,—деді ол.