Қазақстан Парламенті қоғамдық орындарда никаб киюге тыйым салатын заң жобасын мақұлдады

1684
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/WIz3YRIT7oRHRjr23kJAYwX1GSKJXgNcOF62KxYX.jpg

Қазақстан Парламентінің қос палатасы қоғамдық орындарда бетті жабатын киімдерді киюге тыйым салуды қарастыратын заң жобасын қолдады. Бұл құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды, деп хабарлайды “Адырна”.

Әңгіме «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңға енгізілетін өзгерістер жөнінде. 19 маусымда бұл құжат Сенатта қаралған еді, алайда ол қабылданбай, кейбір түзетулермен Мәжіліске қайтарылған. Бұл түзетулер күштік құрылым қызметкерлеріне тұрғын үй беру мәселелеріне қатысты болды.

Қоғамдық орындарда бетті жабатын киімдерді киюге тыйым салу нормасына сенаторлар келісім білдірді.

Бүгін Мәжіліс депутаттары заң жобасын қайта қарап, ұсынылған түзетулермен келісті. Енді бұл құжатқа Президент қол қоюы тиіс.

Бұл жаңашылдық адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Мұндай киімді заң талабы бойынша, медициналық мақсатта, азаматтық қорғаныс үшін, белгілі бір ауа райы жағдайында немесе спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар кезінде пайдалануға рұқсат етіледі.

Құжатта нақты қандай киімдерге тыйым салынатыны көрсетілмесе де, бұл тыйымға маска мен балаклавамен қатар, бет тұтас жабылатын діни киімдер, атап айтқанда, ниқаб та кіруі мүмкін деген болжам бар. Қазақстанда ниқабқп тыйым салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.

2024 жылғы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев ниқабты радикалды көзқарастағы неофиттер қазақстандық әйелдерге таңып жүрген көне киім үлгісі деп атады. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл – қазақтың дәстүрлі құндылықтарына жасалған ашық қарсылық.

Бұған дейін де, 2023 жылдың күзіне қарай, билік діни киімді қоғамдық орындарда киюге тыйым салу мәселесін қарастыруды жоспарлаған болатын, алайда ол кезде бұл жүзеге аспаған еді.

Пікірлер