Екатеринбургтегі Сафаровтардың өлімі. Ресей мен Әзербайжан арасындағы шиеленіс өршіп барады

1458
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sOdbFMOdkyYT8cnBilEjbiFyw2MWjY24q0SJxMTd.jpg

Бүгін, 1 шілде күні, Екатеринбургте Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) арнайы операциясы кезінде қаза тапқан Зияддин мен Гусейн Сафаровтар Әзербайжанның Агджабеди ауданындағы Гаджибадаллы ауылдық зиратына жерленді. Бұл туралы Trend агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Қоштасу рәсіміне марқұмдардың туыстары мен жақындарынан бөлек, Агдам және Агджабеди аудандарының тұрғындары мен қоғам өкілдері қатысты.

Оқиға неден басталды? 

Айта кетейік, 27 маусым күні таңертең ФСБ қызметкерлері Екатеринбургтегі бірнеше мекенжайға рейд ұйымдастырып, этникалық негізде қылмыс жасады деген күдікпен бірнеше азаматты тұтқындаған. Арнайы операция барысында Зияддин және Гусейн Сафаровтар қаза тауып, тағы бірнеше адам жарақат алған.

ФСБ бұл рейдтің бірнеше жыл бойы адам өлтіру мен өзге де қылмыстар жасады деп күдікке ілінген этникалық бандаға қарсы бағытталғанын хабарлады. Атап айтқанда, 2001 жылы Екатеринбург тұрғыны Юнис Пашаевты топ болып өлтіру ісі бойынша Сафаров бауырлары бұрын да күдікке ілінгенімен, ол кезде дәлел табылмаған.

Қазіргі таңда бұл іс аясында 50-ден астам адам тұтқындалып, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Жиналған материалдар негізінде Әзербайжанның Бас прокуроры Қылмыстық кодекстің 12.2 (ел аумағынан тыс жерде Әзербайжан азаматына қарсы жасалған қылмыс), 120.2.1 (топпен жасалған қасақана кісі өлтіру), 120.2.4 (аса қатыгездікпен немесе қоғамдық қауіп төндіретін тәсілмен жасалған кісі өлтіру), 120.2.7 (екі немесе одан да көп адамды өлтіру), 120.2.9 (алдын ала келісім бойынша жасалған кісі өлтіру), 309.2 (ауыр салдарға әкеп соққан қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану), 293.3 өлімге әкеп соққан азаптау немесе басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын іс-әрекет немесе жаза) баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қайта сараптама ресейлік қорытындыларға қайшы

Кейін Зияддин және Гусейн Сафаровтардың мәйіттері Әзербайжанға жіберіліп, қайта сараптама жасалды. 

Ресей тарапынан Сафаровтардың өліміне қатысты ұсынылған ресми қорытындыда Зияддин Сафаровтың "жүрек талмасынан" қайтыс болғаны айтылған. Алайда Әзербайжанда жүргізілген қайта сот-медициналық сараптама бұл нұсқамен келіспеді.

Әзербайжан Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Сот-медициналық сараптама және патологиялық анатомия бірлестігінің директоры, профессор Адалят Гасановтың айтуынша, екі бауырдың да өліміне денеге түскен ауыр жарақаттар және посттравматикалық шок себеп болған.

«Әзербайжанда жүргізілген сараптама екі ағайындының да өліміне көптеген жарақаттар себеп болғанын анықтады. Көз қабықтарында қан ұйыған, оң көздің жоғарғы және төменгі қабақтарында көгерулер, кеуде торында көгерулер мен асимметрия, іштің оң жағында және бөкседе сырылған жаралар, ұмасында көгерулер байқалды.
Сонымен қатар, ішкі ағзалар — өкпе, бауыр, санның ішкі беті — зақымданғаны, іш қуысында қан жиналғаны анықталды. Ішкі тексеріс барысында арқа мен бүйрек айналасындағы жұмсақ тіндерде қан ұйыған, көптеген қабырға сүйектері сынған және ауыр жарақаттан шок болған белгілер табылды.
Мұрын сүйектерінің ығысуы, кеуде қуысының деформациясы, сол көз айналасында 14х12 см көлеміндегі гематома, еріннің сілемейлі қабығында көгерулер, маңдай мен қас үстінде сырылған жаралар, қолдың сырты мен бел аймағында көгерулер, сол санның ішкі жағында 17х2,5 см ұзын жара анықталды. Бас терісінің ішкі жағында да кең көлемді қан құйылу байқалды.
Ресей тарапынан жасалған алғашқы қорытындыға — атап айтқанда, Зияддин Сафаровтың өліміне жүрек талмасы себеп болды деген нұсқаға күмән келтіреміз. Көптеген ауыр жарақаттар анық байқалып тұрғанда, ресейлік сарапшылар мұндай қорытындыны қалай жасады – бізге түсініксіз», -  деді Гасанов.

Профессордың айтуынша, екінші бауырдың денесінде де ауыр жарақаттар анықталып, бұл жағдайлар ауыр посттравматикалық шоктың болғанын және өлімге себеп болғанын дәлелдейді. Ресейлік сарапшылардың «жүрек жеткіліксіздігі» деген диагнозы әзербайжандық сараптамамен үндеспейді.

Осылайша, Әзербайжан сараптамасы Сафаровтар бауырларының өліміне ауыр физикалық зорлық-зомбылық пен азаптаулар себеп болғанын көрсетіп, ресейлік нұсқаларды жоққа шығарады.

Аталған жағдай Мәскеу мен Баку арасындағы қарым-қатынасқа елеулі ықпал етті. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі «жекелеген күштер екіжақты қатынасқа іріткі салуға тырысып жатыр» деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Ресей тарапы Батыс елдерін Армения мен Әзербайжан арасындағы реттеу үдерісінен Ресейді ығыстыруға әрекет етуде деп айыптады.

Бұған қоса, Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі Сафаровтар ісіне байланысты Мәскеуді толық тергеу жүргізуге және «қабылдауға келмейтін зорлық-зомбылыққа» жол бергендерді жауапқа тартуға шақырды.

Бұл оқиға екі ел арасындағы күрделі саяси, құқықтық және қоғамдық реакцияларға себеп болып отыр. Сафаровтар ісі тек қана құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, сонымен қатар халықаралық қатынастардың нәзік шекарасын да айқын көрсетті.

Ресеймен байланысты бірқатар концерттер тоқтатылды

Бұдан бөлек, Әзербайжан азаматтарына қатысты жасалған қатыгез әрекеттерге байланысты Ресеймен байланысты бірқатар концерттер мен мәдени іс-шаралар тоқтатылған. Бұл туралы ақпаратты iTicket.az таратты.

Мәліметке сәйкес, келесі іс-шаралар тоқтатылды:

  • Yumor Fest (18.07.2025, Sea Breeze Resort);

  • Баста концерті (30.08.2025, Sea Breeze Resort);

  • «Щелкунчик» балеті (11.10.2025, Гейдар Әлиев сарайы);

  • «Аққу көлі» балеті (11.10.2025, Гейдар Әлиев сарайы);

  • Сергей Безруковтың концерті (17.10.2025, Гейдар Әлиев сарайы);

  • «Ромео мен Джульетта» балеті (12.10.2025, Гейдар Әлиев сарайы);

  • «Дюймовочка» балеті (12.10.2025, Гейдар Әлиев сарайы);

  • Евгений Синяковтың стендап шоуы (01.11.2025, Опера студиясы);

  • Леонид Агутин мен Анжелика Варумның концерті (23.11.2025, Гейдар Әлиев сарайы);

  • «Мастер и Маргарита» фламенко-спектаклі (20.12.2025, Опера студиясы);

  • «Щелкунчик» фламенко-балеті (20–21.12.2025, Опера студиясы).

Әзербайжанда Ресейдің мемлекеттік және жекеменшік ұйымдары арқылы жоспарланған барлық мәдени іс-шаралар — концерттер, фестивальдер, спектакльдер, көрмелер және басқа да шаралар — тоқтатылатыны туралы елдің Мәдениет министрлігі мәлімдеді.

«Екатеринбург қаласында Ресей құқық қорғау органдары тарапынан әзербайжан ұлтына этникалық негізде жасалған демонстративті, мақсатты және сотсыз өлтірулер мен зорлық-зомбылық актілерін, сондай-ақ мұндай оқиғалардың соңғы уақытта жүйелі сипат ала бастағанын ескере отырып, Ресейдің мемлекеттік және жекеменшік ұйымдары арқылы Әзербайжанда өткізілмек болған барлық мәдени іс-шаралар – концерттер, фестивальдер, спектакльдер, көрмелер және басқалар – тоқтатылады», – делінген хабарламада.

Билеттерді қайтару үшін азаматтарға сату орындары мен онлайн платформаларға жүгінуге болатыны атап өтілді.

Пікірлер