Қасым-Жомарт Тоқаев Астана күнімен құттықтады

1116
Adyrna.kz Telegram
http://adyrna.kz/content/uploads/2018/02/astana-alash.jpg

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Астана күнімен құттықтап, елорданың ел дамуындағы рөлін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы биылғы Астана күні қасиетті Домбыра күнімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, домбыра – Ұлы даланың мыңжылдық мәдени мұрасы болса, Астана – Қазақстанның тұрақты даму мен өркендеу жолындағы нышаны.

«Астана – еліміздің қоғамдық, саяси және іскерлік ордасы. Бұл жерде халқымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданады, озық идеялар іске асып, биік мақсаттар орындалады», – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың жаһандық деңгейде бейбітшілік пен келісімнің символына айналғанын атап өтіп, елорданың Әділетті, Таза және Қуатты Қазақстанды құру жолындағы реформалар орталығы ретінде қызмет ете беретінін айтты.

«Елордамыз әрдайым түбегейлі өзгерістер мен ауқымды реформалардың бастауында тұрады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздің әрбір азаматына зор денсаулық пен бақ-береке тілеп, Астананың өркендей беруіне тілектестік білдірді.

Астана күні – Қазақстанның елордасы Астананың құрметіне арналған ұлттық мереке. Ол жыл сайын 6 шілдеде атап өтіледі. Бұл күн Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келгендіктен 2008 жылы ресми түрде мерекелік күн ретінде бекітілді.

 

Елорда 1997 жылы Алматыдан Ақмолаға көшіріліп, 1998 жылы ресми түрде Астана деп аталды. Ал 2019–2022 жылдары қала Нұр-Сұлтан атауын иеленіп, 2022 жылдың қыркүйегінде Астана атауы қайта қайтарылды.

 

Бүгінде Астана — Орталық Азиядағы ең заманауи қалалардың бірі, сәулеті мен инфрақұрылымы әлемдік деңгейдегі жобалармен салыстырылады. Қалада көптеген халықаралық форумдар, съездер мен келіссөздер өтеді.

Пікірлер