Әзербайжанда Ресей саясаткерлерінің мәлімдемелерін айыптады

4327
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/W16tVviKeKzedxX9h6UyAqg5AJze7Jl7aMxFbCiV.jpg

Әзербайжан әрқашан серіктестерімен тұрақты әрі сенімді қарым-қатынастар орнатуға ұмтылады. Бұл туралы Милли мәжіліс депутаты Солтан Мамедов APA агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол кейбір мемлекеттің осы ұстанымдарды ұстануға мүдделі емес екенін мәлімдеді. Айтуынша, Ресейде Әзербайжанға қарсы басталған науқанды дәл осы тұрғыдан қарастыру қажет.

Мамедов Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулиннің Әзербайжанға бағытталған мәлімдемелеріне пікір білдіре отырып, көптеген ресейлік саясаткер мен депутаттардың біржақты әрі негізсіз пікірлері сенімді қалпына келтіруге зиянын тигізетінін атап өтті. Бұған дейін Затулин Бакудің бұл шешімін «вандализмнің айқын мысалы» деп атаған болатын.

«Затулиннің жалғыз мақсаты – Әзербайжан туралы жағымсыз пікір қалыптастыру. Сол себепті ол елімізді түрлі жолдармен сынауға тырысуда. Әрине, біз одан әділ әрі бейтарап көзқарас күтіп отырған жоқпыз. Әзербайжан қоғамы ондай аңқау емес. Алайда біз өз жерімізде кез келген мәселе бойынша егемен шешім қабылдауға толық құқылымыз және бұл құқықты әркім құрметтеуі тиіс. Айвазовскийдің ескерткіші Әзербайжан үкіметі немесе тиісті мемлекеттік органдардың шешімімен орнатылмаған, сондықтан оның алынуын заңсыз әрекетті жою ретінде қабылдау қажет», — деді Мамедов.

Әзербайжан Милли мәжілісінің депутаты, саясаттанушы Расим Мусабеков те Затулиннің мәлімдемесіне пікір білдіріп, оның посткеңестік кеңістіктегі даулы беделін еске салды.

«Затулин өз қызметін соншалықты “сәтті” атқарып жүр. Қазір ол ТМД елдерінің көбіне, тіпті Арменияға да кіре алмайды. Бұл саясаткерді Әзербайжанда посткеңестік кеңістіктегі сепаратизмді қолдаушы, арандатушы ретінде жақсы таниды. Ол бұған дейін Қарабаққа бірнеше рет заңсыз кірген, бірақ сол кезде қорланған әзербайжан мешіттерін, бүлінген тарихи мұрамызды, сондай-ақ Шушада орналасқан атақты тұлғалар — Хуршидбану Натаван, Бюль-Бюль және басқа да мәдениет қайраткерлерінің атқыланған ескерткіштерін көрмегендей кейіп танытты. Сондықтан, Затулин, Айвазовскийдің есімін өз мақсатыңа пайдаланба. Оның рухы сенің қорғаныңа мұқтаж емес»,—деді саясаттанушы.

Ресей президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой да Иван Айвазовскийдің бюстінің алынуына қарсылық танытқан еді.

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айхан Гаджизаде жергілікті БАҚ-қа берген пікірінде саясаткердің «тиісті нұсқаулық бойынша антиәзербайжандық науқанға алғаш рет қатысып отырмағанын» екенін еске салды.

«Швыдкойдың Әзербайжанда орыс мәдениеті “жойылып жатыр” деген мәлімдемесі – тағы бір жалған ақпарат. Бұл салада екі ел арасында айқын теңсіздік болғанына қарамастан, Әзербайжанда орыс мәдениетін ешкім жоққа шығарған емес. Мысалы елімізде орыс театры жұмыс істейді, орыс тілінде білім беретін мектептер, басылымдар бар. Ал Ресейде әзербайжан тілінде не театр, не мектеп, не газет-журнал жоқ. Соған қарамастан, біз Ресейде «әзербайжан мәдениетін жойылып жатыр» деген мәлімдемелер жасамаймыз.Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары олардың антиәзербайжандық әрекеттері мен мәлімдемелері жалғаса берсе, Әзербайжан мен Ресей арасындағы осы теңсіздік қайта қаралуы әбден мүмкін екенін түсінуі керек»,–деді ол.

Еске салайық, Әзербайжан билігі Степанакерт қаласында (Ханкенди) орыс суретшісі Иван Айвазовскийге орнатылған ескерткішті алып тастаған болатын.

 

 

Пікірлер