10 тамыз – Абай күні. Ұлы ойшылдың туғанына 180 жыл

2604
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JVg3TgMELjU2IYyRlXVGgxo8KmATc3uxXwylduSX.jpg

Бүгін - қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. 

Биыл қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Ол 1845 жылы қазіргі Абай облысының Қарауыл ауылында дүниеге келіп, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы тұлға.

Мерейтойға орай елімізде Абай онкүндігі өтіп жатыр. Абай облысында Жидебай-Бөрілі музейінде «Абай бейнелеу өнерінде» көрмесі ашылды. Қарауылтөбеде республикалық «Жеті қазына» фестивалі, Абай оқулары, ақындар айтысы, халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Мереке аясында Қазақстан бойынша 100-ден астам мәдени және ғылыми іс-шара өткізу жоспарланған.

Мерекенің шарықтау шегі ақынның туған жері – Абай облысында өтуде.

Бүгін таңертең Жидебайдағы қорық-мекенде құран бағышталып, құрбандық шалынады. Еліміздің барлық өңірлерінде Абай ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады. Қарауылда «Бала Абайдан дана Абайға» атты театрландырылған қойылыммен басталған мерекелік бағдарлама концерттермен, ұлттық ас беру рәсімімен, ат жарыс пен қазақ күресінен республикалық турнирлермен жалғасады.

Кешкісін Қарауылда «Желсіз түнде жарық ай» атты гала-концерт өтеді. Семейде параллель түрде «Ұлытау» тобы мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен Абай әндеріне арналған үлкен концерт ұйымдастырылмақ. Бұл шаралар онкүндік мерекенің қорытындысы болмақ.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 5 тамызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді. Бұл мереке Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қарсаңында бекітілген еді.

Мереке ресми демалыс күні болып саналмайды.

 

Пікірлер