Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі суретші-график, кітап иллюстраторы, профессор Ағымсалы Дүзелханұлы Дүзелханов 74 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қазақстан Республикасы Көркем академиясы.
Ағымсалы Дүзелханов 1951 жылы 19 тамызда Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. Ол Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін және Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын тәмамдаған.
Суретші шығармашылық жолын 1973 жылы бастаған. Ол кескіндеме, станоктық графика және кітап иллюстрациясы саласында еңбек етіп, фольклорлық-тарихи тақырыптарға арналған еңбектерімен танылды.
Оның картиналары Қазақстан Президенті Резиденцияларында, Астана мен Алматыдағы мемлекеттік мекемелерде, музейлер мен жеке коллекцияларда сақталған.
2000 жылы Дүзелханов БҰҰ ұйымдастырған «Global Art–2000» халықаралық көрме-байқауында жеңімпаз атанып, әлемнің үздік 33 суретшісінің қатарына енді. Сонымен қатар ол «Атамұра» корпорациясының жаңа буын оқулықтарын безендіріп, жас ұрпаққа арналған оқу-әдістемелік құралдар жазды.