Әлеуметтік желіде Bakhram700 есімді қолданушы Астанада сатып алынған мектеп дәптерлерінің бетінде Ресей Федерациясының мемлекеттік гимні басылғанын жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Facebook желісінде ақпарат тарады.
«Астана! Қызым үшін дәптер сатып алдым... Енді оны жабыстыруға тура келеді», – деп жазды желі қолданушы.
Бұл жағдай қоғамда қызу талқы туғызды. Желі қолданушылары «Неге қазақстандық өндірістің дәптерлері сатылмайды?», «Біз соншалықты кедейміз бе, неге өзіміздің елдік символдарымыз жоқ?», «Балаларымыз Ресей гимнін жаттау керек пе?» деп наразылық білдірді.
Сонымен қатар, қазақстандықтар шетелдік мемлекеттің мемлекеттік рәміздерін таратуға кім рұқсат бергенін және кедендік бақылаудың қалай жүргізілетінін сұрады. Кейбір пікір иелері мұндай әрекетті «қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіретін жағдай» деп бағалап, заң аясында шара қолдануды талап етті.
Бүгінде де ресми органдардан ақпаратқа қатысты түсініктеме берілмеді.
Айта кетейік, дәл осындай мәселенің болғаны 2017 және 2020 жылдары да БАҚ беттерінде жарияланған еді.
2017 жылы Фейсбуктағы “Астана хочу похвалить/пожаловаться” тобында Айгөлек Жанасылова елорданың SMALL сауда желісіндегі дүкеннен сатып алынған дәптердің сыртында Ресей гимні жазылғанын айтып шағымданған.
Ал 2020 жылы әлеуметтік желі қолданушысы Рахметолла Қабыке бұл оқиғаның Магнум дүкендер желісінде де болғанын атап өткен.