Ирандықтардан соң. Қырғызстанда ресейлік альпинист те қаза тапты деп танылды

1710
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TvYkAmwETmcUpPU4sEhlT8lP05wBRbtzrGhAa8Ed.jpg

2 қыркүйек күні Қырғызстан альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Эдуард Кубатов Instagram парақшасында Жеңіс шыңынан бейнежазба жариялап, ресейлік Наталья Наговицына қаза тапқанын растады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Эдуард Кубатов жазбасында кадрлардың Жеңіс шыңындағы «Оңтүстік Энилчек» базалық лагерінде түсірілгенін айтты. Мұнда биіктікке арналған дронның көмегімен екі рет егжей-тегжейлі визуалды тексеру жүргізілген.

«Өкінішке қарай, Наталья Наговицынаның тірі екендігін көрсететін ешқандай белгі жоқ екенін растауға мәжбүрміз. Барлық құтқару жұмыстары тоқтатылды, әрі бұл барлығымыз үшін қайғылы фактіні мойындауымыз керек. Тексеру жұмыстарының барлық бейнематериалдары (10 минуттан астам) Натальяның ұлына жеке табысталады», – деді Кубатов.

Ол қырғыз тарапынан альпинисті құтқару үшін мүмкін болған барлық шаралар жасалғанын, алайда аса биік шың, қолайсыз ауа райы, тікұшақтың қиын қонуы және құтқарушылардың физикалық жағдайы күткен нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермегенін атап өтті.

«Жеңіс шыңындағы 7200 метр биіктікте бірде-бір сәтті құтқару операциясы тарихта болмаған. Біз альпинист-құтқарушылардың өмірін одан әрі қатерге тігуді дұрыс деп санамадық. Үкіметке, Қорғаныс министрлігіне, әскери ұшқыштарға, құтқарушыларға, альпинистерге және құтқару шараларын ұйымдастыруға атсалысқан баршаға алғыс білдіреміз… », – деді ол.

Еске салсақ, 12 тамызда Ресей азаматы Наталья Наговицына Жеңіс шыңына (7200 м) көтеріліп бара жатқанда аяғын сындырып алған. 23 тамызда Қырғызстанның ресми органдары 47 жастағы әйелдің қаза болғанын болжап мәлімдеген. Соған қарамастан, оқиға орнына еврокоптермен ұшу жоспарланған, бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты ол орындалмады. Мамандар Натальяның денесі көктемге дейін тауда қалатынын айтқан еді. 

Алайда оның ұлы әлеуметтік желіде билікке жүгініп, анасын құтқаруға көмек сұраған еді.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанда «Жеңіс» шыңын бағындыру барысында жоғалып кеткен ирандық альпинистер Хассан Машхадиоглу мен Марьям Пилехвари қаза тапты деп танылған болатын. 

Пікірлер