Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматыда өтетін «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы Чемпиондар лигасы ойынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Қазір бар назарды өз алаңымызда өтетін матчқа дайындыққа аударып отырмыз. Алматыдағы стадион УЕФА-ның төртінші санаттағы аренасы, стандарттарға сәйкес келеді. Ойынды сонда өткіземіз», – деді министр Парламент кулуарында.
Оның айтуынша, матчқа УЕФА квотасына сәйкес 4–5 мың турист келуі мүмкін. Бұған дейін де стадионда ірі іс-шаралар өткенін атап өтті.
Билет құнына қатысты Ербол Мырзабосынов: «Бұл – клуб пен УЕФА арасындағы келісім. Мемлекеттің араласуға құқығы жоқ. Барлық ақпарат клубтың ресми сайтында жарияланады», – деді.
Еске салайық, «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы 30 қыркүйекте Алматыда өтеді. Бұған дейін ойын билеттеріне қатысты жалған ақпарат тараған еді.