Жарыс кезінде есінен танып қалған жас балуанның жағдайы белгілі болды

895
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Cap8o2ytww8LBR7piZE8l45cj7xibZp4L7sDPKKU.jpg

Ерейментауда өткен турнирде 2010 жылы туған жас балуан есінен танып қалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әлеуметтік желілерде тараған видео қоғамда алаңдаушылық тудырып, кей пікірлерде оның көз жұмғаны айтылды.

Алайда ресми дерекке сәйкес, спортшы тірі және қазір Астанадағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Ақмола облысының спорт басқармасының мәліметінше, Ақтөбе облысының тумасы саналатын спортшы 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. І спорттық разряд иегері әрі тәжірибелі балуан әдіс орындау кезінде мойын омыртқасынан жарақат алып, есінен танып қалған. Оқиға орнында дәрігер жедел түрде жүрек-өкпе реанимациясын жасап, кейін ол Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілді. Жүрек қызметі қалпына келтірілген соң спортшы жасанды тыныс алу аппаратына қосылды.

Оқиғаға байланысты жарыс тоқтатылып, балуан санитарлық авиация көмегімен Астанаға жеткізілді. Қазіргі таңда оған жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілуде.

Qazaq kuresi қауымдастығы турнирдің ресми жарыстар тізіміне енгізілгенін және барлық қауіпсіздік талаптарының сақталғанын хабарлады. Ассоциация жас спортшының жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Пікірлер