Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев демалыс күндері Талғарда болған қайғылы оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Динара Зәкиеваның айтуынша, қазір сұмдық жағдайды бастан өткерген екі жасар қыз анасымен бірге ауруханада жатыр.
«Олармен психологтар жұмыс істеп жатыр», – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те баланың қазіргі жағдайы жайлы пікір білдірді.
«Тергеу жүріп жатыр. Бала анасымен бірге, жағдайы қалыпты», – деді ол журналистерге.
Еске сала кетейік, 6 қыркүйекте Талғар маңындағы Қызылқайрат ауылында қанды қылмыс тіркелді. Ер адам ауыл тұрғынын атып өлтіріп, оның екі жасар жиенін ұрлап әкеткен. Арнайы жасақтың жедел әрекетінің арқасында бүлдіршін аман-есен құтқарылып, анасымен қауышты. Күдікті ұсталды.
Кейіннен кішкентай қыздың алған жарақатына қатысты тілінің бірнеше жерін тіккені туралы хабарланған.
Қазір қылмысқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.