Қырғызстан сот орындаушылары елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың отбасын Бішкек маңындағы Қой-Таш ауылындағы сарайынан күштеп шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы оның ұлы Қадырбек Атамбаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, билік әрекетін «заңсыздық» деп бағалады.
«Менің анамды, отбасымның мүшелерін Қой-Таштағы үйден заңсыз шығармақшы. Ата-бабамыздың жерінде, бар болғаны 100 метр жерде барлық туыстарымыз жерленген. Бұл — нағыз бассыздық», - деді ол.
Оның айтуынша, іс қалалық сотта қаралып жатқанымен, сот орындаушылары «жоғарыдан түскен нұсқау» бойынша отбасы мүшелерін еш ескертусіз көшеге шығарып, заттарын контейнерге тиеп әкеткен.
Атамбаевтың қызы Әлия Шағиева да сот шешімі немесе ресми құжат көрсетілмегенін айтып, отбасының жауын астында қалғанын жеткізді. Қазір олар туыстарының үйінде тұрып жатыр.
Мемлекеттік активтерді басқару агенттігі үйдің сот шешімімен мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді. Бұл жерде қарттар үйі мен 500 балаға арналған балабақша салу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары алдағы уақытта басталып, келесі жылы аяқталмақ.
Еске салайық, 2019 жылы Қой-Ташта Атамбаевты ұстау операциясы кезінде қақтығыс болып, бір арнайы қызмет өкілі қаза тауып, жүзден астам адам жараланған еді. 2022 жылы басталған сот процесіне кейін сыбайлас жемқорлық істері қосылды.
2023 жылы Атамбаев Испанияға емделуге кеткеннен бері отанына оралған жоқ. Биыл маусымда сот оны 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу және мемлекеттік наградаларынан айыру туралы үкім шығарды. Президент Садыр Жапаров үкімді қатаң деп атап, егер Атамбаев өкілдері өтініш білдірсе, оны кешіруге дайын екенін мәлімдеді.