Терезеден құтқарылды. Шымкенттегі сауда орталығынан өрт шықты

741
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KzKRDJrRs5GmrYRyfBGprBJcyk5j7g3nZ72nuB21.jpg

Шымкентте ірі сауда ойын-сауық орталығы өртенді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Үш қабатты ғимараттың екінші қабатындағы киім сататын дүңгіршекте от тұтанған. Сол кезде іште бірнеше адам болған. Әсіресе үшінші қабаттағы фитнес залда жаттығып жатқандар терезеден шығуға мәжбүр болды.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер бес адамды құтқарды. Бір адам ойын-сауық орталығының шатырынан түсірілсе, екіншісі арнайы сатының көмегімен екінші қабаттың терезесінен шығарылды. Қалған үш адамды төтенше жағдай қызметкерлері іштен алып шыққан. 

Түтінге тұншыққандарды жедел жәрдем қызметі алып кетті. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, 270 шаршы метр аумақ өртке оранған.

“Өрт сағат 13.27-де оқшауланып, 13.55-те толығымен сөндірілді. Өртке департамент тарапынан 24 бірлік техника мен 90 қызметкер жұмылдырылды. Екінші қабат өртенгенімен үшінші қабатта қатты қою түтін болған. Өрттің себебі анықталатын болады” - деді Шымкент қалалық ТЖД бастығының бірінші орынбасары.

Түтінге тұншыққан 6 адам қалалық ауруханаға жатқызылған. Бір науқастың жағдайы нашарлап жансақтау бөліміне ауыстырылған. Қалған үш адамның токсикология бөлімінде ем қабылдап жатқаны айтылды. Екі тұрғын алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілген.

Пікірлер