Тоқаев Газадағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға шақырды

1690
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qFXbMA3EOHdEoCaOWEpG9slM3DsheMZr0hfyO234.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында ҚХР-дың жаһандық даму және жаһандық басқару саласындағы бастамалары бойынша жоғары деңгейдегі кеңесте сөз сөйледі. Іс-шара «Жаһандық дамудың жарқын келешегін бірлесе құру, бастапқы ұмтылыстарға адалдық» тақырыбына арналды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде халықаралықтың құқықты өрескел бұзудың «қалыпты жағдайға» айналғанын мәлімдеді.

«Соның салдарынан әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келіп, халықтардың, саяси көшбасшылар мен мемлекеттердің бір-біріне сенімі әлсірей түсті. Қазіргідей алмағайып кезеңде бәріміз БҰҰ позициясының нығаюына ықпал етіп, Ұйымның құбылмалы заманға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қажет. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухы соғыс өртін тұтандырудан басым болуға тиіс. Мемлекеттер басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайды»,—деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, территориялық дау-дамайды шешу ешқашан оңай болған емес. Ол келешек ұрпақтың қамы үшін екі жақтың да барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуын талап етеді.

«Өшпенділік психологиясы қақтығысқа қатысушы тараптардың бітімге келуіне мүмкіндік қалдырмай, қай-қайсысын да құрдымға жібереді. Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады. Біз екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптаймыз әрі БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындаймыз. Қазақстан Таяу Шығыстағы өңірлік бітімгерлікке бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Ибраһим келісімі секілді дипломатиялық ұсынымдарды қолдайды»,—деп толықтырды президент.

Пікірлер