Хорезмде экологиялық авиаотын шығаратын зауыт салынады

1113
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pIL3ONWakfZtPfJgLJcuE6lorF0jgE8tjLXmK1oa.jpg

Өзбекстандағы Хорезм облысының Тупраккала ауданында экологиялық таза авиаотын өндіретін алып зауыт салынады. Жобаны аустралиялық Allied Biofuels компаниясы жүзеге асырады. Инвестиция көлемі — 5,9 миллиард АҚШ доллары. Бұл туралы компания өкілдері мен жергілікті билік жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Анықталғандай, жоба жөніндегі келісімге компания басшысы Альфред Бенедикт пен Хорезм облысының әкімі Журабек Рахимов Хиуада өткен Халықаралық инвестициялық форум аясында қол қойған. Құжатқа сәйкес, жергілікті билік зауыт құрылысына арналған жер телімін бөліп, өндіріс орнына су жеткізуді қамтамасыз етуге уәде берді.

Кәсіпкерлер жыл сайын 382 мың тонна тұрақты авиациялық отын (SAF), 152 мың тонна электро-синтетикалық отын (e-SAF) және 11 мың тонна жаңартылатын («жасыл») дизель өндіруді жоспарлап отыр. Бұл отындардың соңғысы 2 ГВт қуаттылықтағы электролизерлер арқылы алынатын сутегі негізінде шығарылады.

Компания өкілдерінің айтуынша, жоба Өзбекстанның 2030 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізуге бағытталған ұлттық климаттық стратегиясына толықтай сәйкес келеді.

«Өнеркәсіптік көлемде нөлдік шығарындылары бар отын өндіру көлік пен өнеркәсіп салаларында қазба отындарын алмастыруға, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және елдің “жасыл” энергетикаға көшу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді», — дейді Allied Biofuels өкілдері.

Келісімге қол қоюға байланысты пікір білдірген Альфред Бенедикт бұл келісімді компания үшін «тарихи» деп атады. Ал Журабек Рахимов өз кезегінде кәсіпкерге алғыс айтып, жобаның жүзеге асырылуы Хорезмнің «жасыл» энергетика орталығы ретіндегі орнын нығайтып, жүздеген жұмыс орнын құрып, облыс экономикасына елеулі үлес қосатынын айтты.

Бұған дейін, сәуір айында, Өзбекстан Республикасының Шетелдік инвестицияларды тарту министрлігі осы кәсіпорынмен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойған болатын. Сол кезде елде жаңартылатын энергия мен биомасса қолдана отырып, карбамид, авиаотын және дизель отыны өндірілетін зауыт салу жоспары талқыланған. Шетелдік компания жобаны жүзеге асыруға 5,5 миллиард доллар инвестиция салуға дайын екенін мәлімдеген.

Пікірлер