Қырғызстан мен Өзбекстан жер алмасу мәселесін талқылады

134
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pH2RfPa9Q5riJVatbnjZU3iqYSJer6ZY3T6FOZvl.jpg

Баткен облысында Қырғызстан мен Өзбекстанның жер учаскелерін айырбастауға қатысты ұйымдастырушылық-техникалық мәселелер жөніндегі бірлескен жұмыс комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Darya агенттігіне сілтеме жасап.

Тараптар бұған дейін қол жеткізілген келісімдердің орындалуын талқылаған. Атап айтқанда, айырбасталатын аумақтар тұрғындарының азаматтығы, оларды қоныстандыру, сондай-ақ мүліктік-шаруашылық және өзге де мәселелер қаралған.

Қырғыз тарапының комиссиясын министрдің бірінші орынбасары Қамчыбек Досматов, ал өзбек тарапының комиссиясын Өзбекстан ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Ботир Құдратходжаев басқарған.

Отырыс қорытындысы бойынша екі елдің салалық министрліктері, ведомстволары және жергілікті атқарушы органдарының өкілдерінен құралған бірлескен жұмыс тобының құрамы бекітілген.

Жұмыс тобы айырбасталатын аумақтар тұрғындарының азаматтығына қатысты мәселелерді, қоныс аударуды ұйымдастыруды, мемлекеттік мүлік нысандарын қабылдау мен тапсыруды, азаматтардың мүліктік құқықтарын рәсімдеуді, жер пайдалану және халықты әлеуметтік қорғау мәселелерін қарастырады. Сонымен қатар аталған аумақтар тұрғындары үшін білім беру процесінің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта жұмыс тобы практикалық қызметіне кіріскен. Оның өкілдері айырбасталатын аумақтарға барып, атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы комиссияның тең төрағаларына тұрақты түрде есеп беріп отырмақ.

Пікірлер