Халық және салық. Үкімет нені өзгертті, кім не ұтты?

1183
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cEkgV23OvVF9Nf0j5ktdyR6Plik5oTvAwUcmjong.jpg

Қазақстанда 2025 жылдың шілдесінде қабылданып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі қоғам мен бизнес ортасында кең талқылауға түсті. Билік құжатты «салық жүйесін әділ әрі түсінікті етудің жолы» деп таныстырса, кәсіпкерлер қауымы оны «жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа міндеттер әкелетін құжат» ретінде бағалап отыр. 

Қоғамда, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері мен сарапшылар арасында жаңа кодекстің халыққа тигізуі мүмкін кері әсерлері туралы пікір көп.

Жаңа кодекске сәйкес, қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеріледі. Бұл тікелей түрде кәсіпорындардың өзіне емес, тұтынушының қалтасына әсер етеді – себебі кез келген тауар мен қызметтің түпкі бағасы ҚҚС-пен бірге қалыптасады.

Сарапшылардың есебі бойынша, ҚҚС-тың 4 пайыздық өсуі инфляцияны кем дегенде 1,5–2 пайызға арттыруы мүмкін. Бұл азық-түлік, дәрі-дәрмек, тұрмыстық қызметтер бағасының көтерілуіне ықпал етеді.

ЖАҢА КОДЕКС НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ БОЛДЫ?

Белгілі экономист, сарапшы Сапарбай Жобаевтың айтуынша, бюджеттегі тапшылық жаңа Салық кодексін қабылдауға негіз болды.

«Қазақстан экономикасында пандемиядан кейін  жағдай күрделене түсті. 2022–2023 жылдары Президент бай компаниялардың корпоративтік табыс салығын қазіргі 20 пайыздан 25–30 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Бұл ұсыныс бюджет тапшылығын Ұлттық қор есебінен жабуды тоқтату мақсатында жасалған болатын. Алайда бұл бастаманы іске асыру Үкімет пен Парламент тарапынан ұзаққа созылды. "Салық кодексін өзгерту керек" деген сылтаумен нақты шаралар қабылданбай келді. Шын мәнінде, бұл – жай ғана сылтау. Өйткені біз Конституцияны да бірнеше рет тез арада өзгерткенбіз. Ал Салық кодексін өзгерту одан әлдеқайда оңай болатын», - дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, 2024 жылғы бюджет үлкен тапшылықпен орындалды. Жалпы шығыстар 21 трлн теңгені құрады, ал салықтық түсімдер бар болғаны 13,5 трлн теңге болды. 

«Бұл дегеніміз – жоспарланған түсімдерден шамамен 3,5 трлн теңге кем түсті. Бұл айырмашылық салықтан жалтарған ірі кәсіп иелері есебінен орын алды. Осының барлығы салық жүйесін түбегейлі өзгерту қажеттігін көрсетіп отыр. Алайда үкімет салық жүктемесін ірі бизнеске емес, қарапайым халыққа – тұтынушыларға жүктеді. Мысалы, қосылған құн салығы – тікелей тұтынушы төлейтін салық. Яғни, мемлекет бюджет тапшылығын халықтың қалтасынан толтыру жолына бет бұрды”, - дейді экономист Сапарбай Жобаев.

«ӘЛЕУМЕТТІК АПАТТЫҢ АЛҒЫШАРТЫ»

Жаңа кодексте арнаулы салық режимдерінің саны 7-ден 3-ке дейін қысқартылды. Мақсат – жүйені қарапайым ету. Бірақ іс жүзінде бұл өзгеріс көптеген кәсіпкер үшін қолайлы режимнен айырылу дегенді білдіреді. Мысалы, аралас қызметпен айналысатын (сауда мен қызмет көрсету) шағын бизнес бұрын нақты режимді таңдай алатын еді, енді ол жаңа ережеге бейімделуге мәжбүр. Бұл есеп жүргізу мен жоспарлауда қосымша шығынға әкелуі мүмкін.

Қоғам белсендісі, белгілі кәсіпкер Нұржан Жолдыбекұлы елдегі жаңа салық кодексі мен жалпы экономикалық саясатқа қатысты өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, қазіргі енгізіліп жатқан өзгерістер халықтың әл-ауқатын арттыруға емес, керісінше, қиындатып жіберуі мүмкін.

“Жаңа салық кодексі қарапайым кәсіпкерлер үшін жеңілдік емес, ауыртпалық болып отыр. Мысалы, қосымша құн салығын төлеу шегі 78 миллион теңгеден 40 миллионға дейін түсірілді. Бұл – шағын кәсіпкерлерді көлеңкелі экономикаға итермелеудің бір жолы. Олар енді заңды түрде жұмыс істемей, қолма-қол ақша арқылы есеп айырысуға көшеді, салықтан жалтаруға тырысады», - дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, жылдық табысы 50 миллионнан аспайтын кәсіпкерлерді салықтан босатып, 100 миллионға дейінгі табыс иелеріне жеңілдетілген тәртіппен салық салынуы керек. 

«Ал миллиардтап табыс табатын ірі бизнес өкілдері бұрын қалай төлесе, қазір де, болашақта да толық төлеуі тиіс", – дейді Нұржан Жолдыбекұлы.

Кәсіпкердің айтуынша, тауардың бағасына заңды да, заңсыз да төленген шығындар (салық, пара, логистика) кіреді. Нәтижесінде барлық ауыртпалық тауар бағасына қосылып, ең соңында қарапайым халықтың қалтасынан алынады.

"Бұрын 5 мың теңге тұрған көйлектің қазіргі бағасы – 15 мың теңге. Бұрынғы 15 мың теңге болашақта 150 мың теңгеге жетуі мүмкін. Бірақ оны кім алады? Халық төлейді – ірі бизнес ұтады. Халықтың табысы артпаса, бағаның өсуі – әлеуметтік апаттың алғышарты", – дейді ол.

«ӘДІЛДІК ҚАҒИДАТЫ ҚАЖЕТ»

Жаңа кодекс салық әкімшілендіруін жеңілдетеді деп айтылғанмен, оның ішінде электрондық бақылау құралдарын кеңейту бар. POS-терминалдар, онлайн-чектер, банктік операциялар мен кіріс туралы деректер автоматты түрде салық базасына түсетін болады. Мақсат – көлеңкелі айналыммен күресу. Дегенмен, кәсіпкер, белсенді Ахметбек Нұрсиланың айтуынша, бұл шаралар ұсақ кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға артық тексеріс пен бюрократиялық қысым тудыруы мүмкін.

“Жаңа кодекс талаптары барлық қызметті нақты кодқа байлап, тіркелген, сертификатталған, лицензияланған түрде көрсетуді талап етеді. Бұл жеке кәсіпкерлерге үлкен салықтық және бюрократиялық қысым алып келіп жатыр. Қысым тек салық мөлшері емес, есеп-қисап, тіркеу, есеп беру, қызмет түрін дәл сипаттау және дәлелдеу, кассалық аппарат пен фискализация секілді нәрселер. Бұл – халыққа жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлерге ауырлық әкеледі,» - дейді кәсіпкер. 

Ахметбек Нұрсиланың топшылауынша, салық органдары тарапынан бақылау мен айыппұл салу да жиілеп кетті. Тіпті ниеті дұрыс, есеп жүргізіп отырған кәсіпкерлер де ұсақ-түйек техникалық қателік үшін ескерту немесе айыппұл алып жатады. Бұл әділетсіздік сезімін тудырады.

Кәсіпкер Қазақстандағы салық жүйесі қолданушыға түсінікті әрі әділетті болуы тиіс деп есептейді. 

«Қазіргі таңда Салық кодексіндегі өзгерістер шағын бизнеске қолайлы емес, керісінше ауыр. Кәсіпкерді қолдау үшін тек салық мөлшерін азайту емес, қарапайымдылық, түсініктілік, әділдік қағидаттары қажет”, - дейді Ахметбек Нұрсила.

БИЛІК БАРМАЙ ОТЫР МА, ӘЛДЕ БАТПАЙ ОТЫР МА?

Экономистер мен кәсіпкерлер жаңа кодексті «қажетті, бірақ асығыс дайындалған құжат» деп бағалап отыр.

“Дамыған өркениетті мемлекеттерде қосымша құн салығының мөлшері жоғарырақ. Мысалы, Венгрия сияқты Шығыс Еуропа елдерінде бұл салық 27 пайызды құрайды. Мүмкін бізде де осыны алға тартып, 20 пайызға жеткізуді көздеп отырған болар. Дегенмен, халықтың тұтынатын тауарларына, ауыл шаруашылығы өнімдеріне және азық-түлікке қосымша құн салығын жеңілдетілген мөлшерде сақтау қажет деп ойлаймын. Ал ірі алпауыт компанияларға, шикізат өндірушілерге, банктер сияқты ірі бизнес өкілдеріне бұл салықты 20 пайызға дейін көтеруге болар еді. Сонда бюджетке бай-манаптардың үлесі көбірек түседі», - дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Сарапшының дегеніне қарағанда, бюджет кірісінің негізгі бөлігі корпоративтік табыс салығы (КТС), қосымша құн салығы және жеке табыс салығынан құралады. Қазір КТС-ті 25 пайызға дейін көтеру жоспарлануда, ал ҚҚС 15 пайыз деңгейінде қалды. Прогрессивті жеке табыс салығы да бар болғаны – 15 пайыз. Бұл бай азаматтар мен ірі бизнеске жеңілдік болып тұр, сондықтан бюджет тапшылығын жоюға жеткіліксіз. Егер осы салық жүйесі өзгеріссіз қалатын болса, Салық кодексі былтырғы 3,5 триллион теңгелік бюджет тапшылығын жаба алмайды», - дейді Сапарбай Жобаев.

Сарапшының пікірінше, бюджеттегі тапшылықты жабу үшін бай адамдардың жеке табыс салығын 20-25 пайызға дейін көтеру қажет.

“Өте ірі компаниялар үшін корпоративтік табыс салығын 25-30 пайызға дейін көтеру мүмкін еді. Мысалы, казино, киноиндустрия, ойын-сауық сияқты ақша айналымы көп салаларға бұл салықты 30 пайызға дейін арттыруға болар еді. Бірақ біздің билік бұған  бармай отыр.  Президент бір қызық салық жайлы айтқан еді. Ол «сән-салтанат салығы» деп аталады. Кеңес дәуірінде, қымбат автокөліктерге, кілемдерге, фарфор мен хрусталь бұйымдарына акциз салығы болған. Сол акцизді қайта енгізу керек деген пікірі бар. Дегенмен, “сән-салтанат салығы” түсініксіздеу болып тұр. Өйткені, мәселен, сауда жасағанда немесе үй алғанда салық салу қисынсыз. Адамдар үйді әр ай сайын сатып ала бермейді. Мысалы, 2022 жылы халықтың 3-4 пайызы ғана зейнетақы қорынан ақша алды, ал кейбіреулер сол ақшаға 20 жыл бойы жинақ жасаған болуы мүмкін. Сондықтан “сән-салтанат салығының” өлшемін анықтау қиын. Ал акциз салығы әлдеқайда түсінікті: қымбат бұйымдарға, арақ-шарап, темекі сияқты зиянды тауарларға көбірек салық салу керек. Бұл бюджетке қосымша табыс әкеліп, тапшылықты азайтар еді. Егер бюджет тапшылығы жабылса, ең алдымен әлеуметтік төлемдер жақсарады. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туады”, - дейді экономист.

16 ҚАЗАННАН КЕЙІНГІ ЖОСПАРДАН КІМ НЕ ҰТТЫ?

Айта кетсек, Қазақстанның саяси және экономикалық өмірінде қазан айының басы күтпеген серпіліспен есте қалды. Бір жыл бойы әзірленіп, бизнес қауымдастығы тарапынан қарама-қайшы пікірлер тудырған жаңа Салық кодексіне қатысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев түбегейлі шешім қабылдады.  Ол «бағытымызды өзгерту керек» деді.

Осы тапсырмадан кейін Үкімет бір күн ішінде бұрын «реформа» деп аталған бастаманы қайта қарауға кірісті. Бұған дейін салық реформасын табанды түрде түсіндіріп келген мемлекеттік органдар бұл жолы сол реформаны жедел тоқтату және түзету туралы шешім қабылдады. Құжат бір жыл бойы дайындалып, шағын және орта бизнеске (ШОБ) арналған жеңілдетілген салық жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталды.

Бұрын жеңілдетілген салық жүйесі 1100-ден астам қызмет түрін қамтыған болса, жаңа редакцияда бұл сан 316 қызмет түрімен шектелді. Қалған 795 қызмет түрі ҚҚС (қосылған құн салығы) мен күрделі есеп жүйесіне енгізілмек болды.

Бұл өзгерістердің салдары айқын еді:

  • шағын кәсіпкерлер үшін есеп-қисаптың күрделенуі;

  • қосымша шығындардың артуы;

  • шағын бизнес нысандарының жабылу қаупі бар.

Бір жыл бойы кәсіпкерлер қауымдастығы мен салалық ұйымдар түрлі деңгейдегі мемлекеттік құрылымдарға үндеу жасап, жаңа нормалардың теріс салдарын түсіндірді. Дегенмен, сол уақытта ресми ұстаным өзгеріссіз қалған.

Бұл кезеңде Үкімет ел экономикасының жалпы жағдайына қатысты да қосымша қадамдар жасауға ұмтылды. Премьер-министр Олжас Бектенов макроэкономикалық көрсеткіштердің сапасына ерекше назар аударып, облыс әкімдерінен нақты бақылау мен тиімділікті арттыруды талап етті.

Ресми мәліметтерге сәйкес, ЖІӨ өсімі жыл басынан бері 6,3 пайызды құраған. Алайда Үкімет бұл көрсеткіштерге толық қанағаттанбай, өңірлік деңгейдегі экономикалық белсенділіктің жеткіліксіздігін атап өтті.

Экономика формалды түрде өсіп жатқанымен, мемлекеттік басқару құрылымдарында нақты нәтижелер мен тиімді саясатқа деген алаңдаушылық айқын байқалды.

16 қазан күні Президент Үкіметке «азаматтардың мүддесіне бағытталған реформаларды жүзеге асыру» жоспарын әзірлеу жөнінде нақты тапсырма берді. Жоспарды әзірлеуге екі күн ғана пұрсат берілді.

Жұмыс аптасының аяқталуына бір күн қалғанда, Үкімет қысқа мерзім ішінде бірқатар маңызды шешімдерді жариялады. Атап айтқанда, келесі шаралар қабылданды:

  • АИ-92 және дизель отынының бағасын инфляция тұрақтанғанша көтермеу туралы мораторий енгізу;

  • Коммуналдық тарифтердің өсуін 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін тоқтата тұру;

  • Арзан ипотека бағдарламасының көлемін екі есеге арттыру;

  • Әскери қызметкерлерге арналған тұрғын үй бағдарламасын қайта жандандыру.

Алайда ең басты жаңалық салық саласындағы реформаларға қатысты болды. Сараланған салық жүйесі шеңберінде тыйым салынған қызмет түрлерінің саны 795-тен 44-ке дейін қысқартылды, ал 1067 қызмет түріне кеңшілік көрсетілді. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап микробизнеске арналған салықтық әкімшілендіруді түбегейлі қайта құру, тексерулер мен бақылау шараларын алып тастау ұсынылды.

Үкімет өз шешімдерін жариялағаннан кейін, елдің саяси алаңында түрлі пікірлер мен мәлімдемелер пайда болды. Бірқатар партиялар бұл реформаларды өздерінің саяси бастамаларының нәтижесі ретінде көрсетуге тырысты. Мәселен, «Ақ жол» партиясы 2 қазан күні Үкіметке жолдаған ұсыныстарын еске салып, қабылданған шараларды «шағын және орта бизнес үшін нақты жеңіс» деп бағалады. Партия өкілдері Үкіметті бұл бағыттағы табысты шешімдері үшін құттықтады.

Бірақ біраз уақыт өтпей, «Республика» партиясы да бұл жетістікке өз үлесі бар екенін мәлімдеп, Үкіметтің шешімін қолдайтын ұстаным білдірді.

Әлеуметтік желілерде бұл әрекет қоғам назарын аударды. Көпшілік арасында: «Бұл партиялар салық реформасы талқыланып жатқан кезде қайда болды?» деген сын пікірлер айтылды. Қоғамдық пікірде жалпы әсер айқын болды: Үкімет пен Парламент күрделі мәселелерді бірлесіп шешкендей көрінгенімен, реформалардың бағыттары мен олардың бастамалары жөнінде сұрақтар әлі ашық күйінде қалды.

Дана Нұрмұханбет

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер