ТАН марафондар сериясының барлық кезеңін еңсерген қазақстандық марафоншы – Марғұлан Ермағанбетұлы

996
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/as263hkCcuw6n69RO0z8Tpx8Fnbrm28yCut8G9EJ.jpg
2025 жылы алғаш рет ұйымдастырылған TAN Marathon Series түркітілдес мемлекеттердің спорттық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірегей марафондар сериясы болды. Бұл ауқымды жобаға Баку (Әзербайжан), Бішкек (Қырғызстан), Алматы (Қазақстан), Түркістан (Қазақстан) және Самарқанд (Өзбекстан) қалаларындағы марафондар енді.
TAN сериясының басты мақсаты — түркі елдері арасындағы достық, мәдени және спорттық байланысты арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және халықаралық деңгейдегі спорттық туризмді дамыту.
Осы беделді серияның барлық бес кезеңін бір жыл ішінде сәтті еңсерген марафоншылар «TAN марафон мейджоры» атағына ие болды. Қазақстан атынан бұл мәртебелі тізімге енгендердің бірі — қоғам белсендісі, заңгер, Болашақ бағдарламасының түлегі әрі марафоншы Марғұлан Ермағанбетұлы.
Марғұлан марафонмен 2019 жылдан бері айналысып келеді. Алғашқы жүгірісі – 42 шақырымдық Астана марафоны болған. Сол сәттен бастап ол ұзақ қашықтыққа жүгіруді өмірінің басты құндылықтарының бірі ретінде қабылдап, рух пен төзімділікті ұштастырып келеді.
2025 жылы Марғұлан Ермағанбетұлы:
• Баку, Бішкек, Алматы, Түркістан және Самарқанд марафондарын бір маусымда толық жүгіріп өтті;
• Соңғы Самарқанд марафонын 3 сағат 25 минутта аяқтап, өз нәтижесін жаңа деңгейге көтерді;
• Түркі әлемінің марафон тарихында ел намысын лайықты қорғап, «TAN Marathon Major Finisher» мәртебесіне ие болды.
“TAN марафон сериясы – бұл тек спорттық сынақ емес, бұл рухани және мәдени көпір. Әр елдің марафоны арқылы мен тек жүгіру емес, халықтың рухын, бірлігін, ортақ тамырын сезіндім. Бұл — түркі әлемінің бірлігі мен достығының символы”, – дейді Марғұлан Ермағанбетұлы.
TAN марафон сериясы жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп, түркі халықтарының достығы мен салауатты өмір салтын дәріптейтін халықаралық брендке айналмақ.
Пікірлер