Ақмола облысы – қазақстандық жалпыұлттық даму драйвері бола алды

1004
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kbsUeEpJzmNyfC8fjY483s2bWCL3rZSFtWENyghk.webp

13 қарашада 2025 жылы Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжанов СЦК конференциясында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді баяндама жасады. Назарларыңызға осы баяндама негізінде жасалған сараптамалық мақаланы ұсынамыз.

Ақмола облысы — Қазақстанның солтүстігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бірлік. 1939 жылы құрылған, 1961–1992 жылдары Целиноград облысы болып аталды. Жер аумағы 146,2 мың км². Тұрғыны 738 611 адам, орташа тығыздығы 1 км²-ге 5,05 адамнан келеді (2018). Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарымен шектеседі. 14 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік ауданға бөлінген. 10 қала, 13 кент, 245 ауылдық әкімшілік округ бар. Әкімшілік орталық – Көкшетау қаласы (165 мың адам).

Климаты тым континенттік, қысы ұзақ (5,5 айға созылады) суық, жазы қоңыржай ыстық. Қаңтардың орташа температурасы –16 – 18°С, шілдеде 19 – 21°С. Тұрақты қар жамылғысы қарашаның ортасында қалыптасып, оңтүстігінде 130 – 140 күн, солтүстігінде 150 – 155 күн жатады. Қардың орташа қалыңдығы 20 – 22 см. Солтүстігінде жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 400 мм, оңтүстігінде 250 мм. Облыста солтүстіктен оңтүстіке қарай қара қоңыр, қоңыр, ашық қоңыр топырақ белдемдері бірін-бірі алмастырады.

Әрине, қазіргі Ақмола облысын айтқанда, бүкіл қазақстандықтар оны Көкше, Көкшетау, Бурабай, Зеренді сияқты атаулармен біртұтас байланыста еске алады. Бұл мекен қазақстандықтар үшін терең тарихи маңызы бар өлке, сонымен бірге, бүгінде еліміздің астанасы – Астана қаласы орналасқан, ел тәуелсіздігінің символы ретінде қарастырылады.

Сондықтан, барша қазақстандықтардың назарында Ақмола облысы да Астанамен бір қатарда тұр деуге болады. Ең алдымен, облысты еліміздің басты азық-түлік қауіпсіздігінің белді аймағы деп айтуға болады. Қазақстанның қай түкпірінде болмасын, осы облыста өндірілген ұнның сапасына ешкім күмән келтірмейді. Ұн – республика аймағында «ақмолалық бренд» ретінде әлдеқашан өз мәртебесін иемденіп алды.

Облыстың табиғаты мен жер құнары бүгінде әлемде «табиғи таза өнімдерді» және ең сапалы бидай өндіруге мүмкіндік береді. Бұл осы облыстың өзге аймақтардан басымдығы әрі артықшылығы деуге болатын байлық.

Облыс Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қойған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру барысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижеге қол жеткізді. Әкім өз баяндамасында осыған назар аударады:

Ауыл шаруашылығы
«Облыс Қазақстанның негізгі агроөнеркәсіптік өңірі мен басты астықты аймағы ретінде айрықша орын алады. Биыл егін алқаптары аумағы 300 мың гектарға артып, жалпы 5,5 миллион гектарды құрады. Биыл диқандарымыз дәнді дақылдардың рекордтық өнімін жинай алды. Орташа өнімділік гектарына 16,3 центнерден айналды. Жалпы 7,6 миллион тонна астық жиналды. Егер, 2024 ж. – 6,6 млн. тонна жинасақ (өнімділік – 14,1 ц/га), биылғы жетістік одан әлдеқайда артық. Жиналған астықтың 70 пайызы жоғары сапалы өнім».

Біздің жетістігіміз ішкі нарықпен шектелмейді. Ақмола астығы жоғары сапалы өнім ретінде жаңа халықаралық нарықтарды бағындыруда. Жыл басынан бері алыс және жақын шетелдерге 3,5 миллион тоннадан астам астық экспортталды (Қытай, Иран, Еуропа елдері: Италия, Бельгия, Швеция, Латвия; сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан және т.б.).

Эстонияның Муга Грэйн терминалымен меморандумға қол қою нәтижесінде жалпы 209 мың тонна астықты Италияға, Бельгияға және Эстонияға экспорттауға мүмкіндік туды (Италияға – 150 мың тонна, Бельгияға – 50 мың тонна, Эстонияға – 9 мың тонна).

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында соңғы екі жылда жоғары рентабельді майлы дақылдар егісінің аумағы 2,5 есе ұлғайып, алғаш рет 500 мың гектарды құрады. Нәтижесінде, 600 мың тоннаға жуық майлы дақылдар жиналды, қосымша 100 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге мүмкіндік берді. Мұндай өсімге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдаудың арқасында қол жеткіздік.

Биыл агроөнеркәсіп кешенінің қажеттіліктеріне 250 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы арқылы минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есе артты.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында құны 62 млрд теңге болатын 1 600 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген лизингпен сатып алынды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арзандатылған 172 мың тонна дизель отыны бөлінді (көктемгі – 76,6 мың тн, күзгі – 84,4 мың тн; - 254 теңге/литр).

Мал шаруашылығы саласында да тұрақты оң динамика байқалады. Жалпы ауыл шаруашылығы жануарларының саны 5%-ға, ал мал өнімдері өндірісінің көлемі 3%-ға артты. Біз 168,5 мың тонна ет (тірі салмақта), 205 мың тонна сүт, 574 миллион дана жұмыртқа өндірдік.

Сүт-тауар фермаларын құру және кеңейту бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта 12 400 басқа арналған 8 сүт фермаcын іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 1 200 малы бар екі сүт фермасы іске қосылады.

Елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Облысымыздың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 86 инвестициялық жобаны (963 млрд теңге) іске асыру арқылы Астана тұрғындарын азық-түлікпен қамту көлемін арттырады (2025–2027 жж.).

Нәтижесінде:

  • Сүтпен қамту үлесі 30%-дан 50%-ға дейін (63 мың тоннадан 76 мың тоннаға дейін жылына);

  • Етпен қамтамасыз ету 30%-дан 40%-қа дейін (30 мың тоннадан 35 мың тоннаға дейін жылына);

  • Жұмыртқамен қамту үлесі 80%-дан 100%-ға дейін (255 миллион данадан 305 миллион данаға дейін жылына) артады.

Жыл қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1,2 трлн теңгені құрайды деп күтілуде. Бұл еліміздің аграрлық секторындағы көшбасшы орнымызды нығайтады».

Әрине, жоғарыдағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткіштері қуантады. Алайда, Ақмола облысының халқының саны, Астана қаласын қоса алғанда, шамамен 3 млн-ға жетпейді. Ал облыс территориясының агроэкономикалық әлеуеті одан бірнеше есе жоғары деп айтуға болады. Сонда да облыс өз халқын сүтпен, етпен қамтуы өте төмен көрсеткіш жағдайында тұр. Бұл агростратегиялық тұрғыда ойландыруы керек.

Мәселен, шет елдерге қазірге 3,5 млн тонна астық экспортталған. Бұл жақсы ма, жаман ба? Меніше, қуанарлық жағдай емес. Себебі, «Астық көлемі 300 мың га артып, соншалықты жер ет пен сүт өндірісі есебінен алынбады ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Егер сол бидайды өз елімізде ұнға айналдырып экспорттасақ ше? Онда мал шаруашылығы кемі 900 мың тонна жемге ие болып қалар еді. Олай болса, неге қазіргі заманауи диірмендер санын арттырып, шет елге қосымша құны жоғары ұнды экспорттамаймыз? Ондай жағдайда алдыңғы орынға «жер көлемін арттыру» емес, «жер өнімділігін арттыру» мәселесі қойылады. Бұл жерді эрозиядан сақтаудың, ет пен сүт өнімін арттырудың стратегиялық жолы болуы тиіс.

Егер мал шаруашылығын арттырсақ, кешіріңіздер, Ақмола облысы «малдың қиын гумусын тыңайтқышқа айналдыру» өзінен экспортқа шағарылатын астыққа парапар пайда табар ма еді, бәлкім…

Инвестиция
«Жыл басынан бері өңір экономикасына 660 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды (2024 жылдың 10 айы – 410 млрд теңге). Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 250 млрд теңгеге көп. Бұл – жаңа кәсіпорындар мен технологиялар және жұмыс орындары арқылы қамтамасыз етілген нақты өсім».

Облыста жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын жобалар жинақталды. Бұл 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда астықты терең өңдейтін алғашқы зауыттың құрылысы басталды (Далиан, Қытай – 795 млрд теңге, 3 000-ға дейін жұмыс орны, мемлекеттік сараптамадан өту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары жүргізілуде). Бұл – 1,8 млрд АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция. Оның аясында жылына 3 миллион тоннаға дейін астық өңдейтін зауыт салу жоспарланған (іске асыру кезеңі: 2025–2028 жж.).

Қазан айында астықты терең өңдеудің екінші ірі кешенін салу жөніндегі стратегиялық негіздемелік келісімге қол қойылды (Хопфулл Грэйн компаниясымен, іске асыру кезеңі: 2026–2029 жж.). Инвестиция көлемі – 1,5 млрд АҚШ долларын құрап, онда 1 000 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, биыл маңызды келіссөздер жүргізілді. Ірі инвесторлар бидай өңдеу мен жем өндіру (Ист Хопп, Қытай), элеватор мен құрама жем зауытын (Бейджин Гочен Шенхуа, Қытай), сондай-ақ асыл тұқымды репродуктор салу («Айтас» ЖШС, Қазақстан) бойынша жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобалардың іске асырылуы – 700-ге дейін жұмыс орнын құра отырып, шамамен 600 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Маңыздысы, бұл жерде түпкілікті сұранысқа ие тауарлар – натрий глутаматы, крахмал және минералды тыңайтқыштар өндірілетін болады. Пестицид пен тыңайтқыштар өндіретін зауыттардың құрылысы да жоспарланған. Міне, жоғарыдағы біз айтқан «гумус тыңайтқышы» мәселесі енді қолға алынып жатқаны қуантады.

Ақмола облысы әрқашанда «ішкі миграция өтінде тұрған аймақ» болып қала береді. Ол өңірге жыл сайын халқы тығыз орналасқан оңтүстіктен, өзге депрессиялық өңірлерден, шет елдерден көшіп келушілердің қатары көбеймесе, азаймайды. Ендеше, бұл өңірде «құрылыс материалдарын өндіру» ерекше жоғары болуы тиіс. Соның бірі – сапалы кірпіш. Ендеше, әкімнің ол туралы мына сөзі көңілге қонады:

«Кірпіш өндіру көлемін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңіріміздегі зауыттар 250 миллион кірпіш шығарып келсе, алдағы уақытта оның қуаттылығын 3 есе арттырамыз. Осы бағытта 8 зауыт салу бойынша инвестициялық жоба іске асырылуда (құны – 46,5 млрд). Биыл соның бесеуін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, біздің өңір елдегі өндірістің жалпы көлемінен құрылыс кірпішінің 40%-ын шығарады (2024 ж. 9 айда – 451,6 мың м³, 2025 ж. 9 айда – 382 мың м³)».

«Сондай-ақ клинкер өнімдері мен қаптама кірпіш шығаратын (Қазақстандық «Теракотас» ЖШС – 27 млрд теңге, 150 жұмыс орны, жер телімін жалға алу туралы келісім жасалды, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары жүргізілуде), және (УайДиЭй, Түркия – 124 млрд тг, 950 жұмыс орны, инвестициялық келісім жасасу және «Aqmola» индустриялық аймағындағы жер телімін жалға алу туралы шартты рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде).

Осының барлығы – Астана агломерациясын дамытуға бағытталған ортақ жұмыстың бір бөлігі. Бұл жобалар облыс экономикасына қосылған үлес қана емес, сонымен қатар, елорданың өнімге қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өту керек.

Мысалы, биыл «Бент» компаниялар тобы «Қазшпал» кәсіпорнын (Аршалы ауданы) сатып алды. Компания тәулігіне 3 мыңнан астам шпал шығаруға қол жеткізді. Ол өндірісті қайта жаңғыртуға кемінде 10 млрд теңге инвестиция құяды. Қазір кәсіпорында 150 адам жұмыс істесе, келесі жылы оны 450-ге жеткізу көзделген.

Одан әрі әкім тау-кен өндірісіндегі жетістіктерге тоқталды. Алтын өндірісіне салынатын инвестициялар туралы айтты. Облыс құрамында алтын бар руданың жартысынан астамын және Қазақстандағы алтын өндірісінің төрттен бір бөлігін өндіреді. Басты компаниялар – Алтынтау Көкшетау (59%), Алтыналмас (22%), ЭрДжи Голд (19%). Бастысы, бұл облыста жаңа жұмыс орындарын көбейтіп, ірі инвестиция халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге, әлеуметтік ортаны жақсартуға қызмет ететін болады, деді әкім.

Аймақта өнеркәсіп тұрақты өсіп келеді. Өндіріс көлемі 2 трлн теңгені құрады. Облыс машина жасау саласында нық көшбасшы болып отыр: теміржол подшипниктерін өндірудің 100%-ын және арнайы автомобильдер өндірісінің 84%-ын қамтуда. Бұдан бөлек, еліміздегі астық жинайтын комбайндардың 50%-ы Ақмола облысында жасалынады.

Машина жасау 2,2%-ға, азық-түлік өндірісі 11%-ға, сусындар өндірісінің көлемі 20%-ға (арақ өндірісі – 17,8%, минералды су – 23,9%-ға өсті), ал химия өнімдері 30%-ға ұлғайды (этил спирті өндірісі 1,7 есеге артты). 

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ

Облыс мемлекеттік стратегиялық бағдарға сәйкес мұқтаж азаматтарды жайлы және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Биыл жалпы 7 мыңнан астам ақмолалық тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Оның 2 мыңы – әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдері, кезекте тұрғандар, алданған үлескерлер, апатты үйлердің тұрғындары.

Өңірде тұрғын үймен қамтудың жаңа әрі тиімді тәсілдері енгізілуде. Мысалы, жеке құрылыс компанияларынан «дайын пәтерлерді сатып алу» механизмі әлеуметтік тұрғын үй құрылысына қарқын берді. Биыл 750 пәтер сатып алынды (жалға берілетін – 640, кредиттік – 110).

Сондай-ақ, бұл механизм жеке инвестицияларды реновациялау бағдарламасына (ескі үй қорын жаңғырту) тартуға және проблемалық үлестік үйлерді аяқтауға жол ашты. Биыл тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында 740 пәтерге арналған 11 көпқабатты үй салынды, олар ескірген және тозығы жеткен үйлердің орнына тұрғызылды.

Облыс үшін Астанаға жақын орналасқан Қосшы қаласы маңызы жоғары. Бұл қалада адам саны жыл сайын өсіп келеді. Биыл Қосшыда 543 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды, оның 110 пәтері алданған үлескерлерге тегін берілді. Қалған үлескерлер бойынша мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады.

ТҰРҒЫН ҮЙ – КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ

Ақмола облысы континентальды климатта орналасқан, қысы қатал. Жылу беру маусымына дайындыққа 43 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, оның 45%-ы (19 млрд теңгеден астам) – жеке инвестиция. Қаражат жылу қазандықтары мен желілерінің тозуы жоғары нысандарды жаңартуға жұмсалды: 40 км жуық жылу желілері ауыстырылып, 59 қазандық жаңартылды (қажет болған 150 қазандықтың 40%-ы).

Степногорск қаласында 17 км-нан астам жылу желісі жөнделді. Желілердің тозуы 68%-ға төмендеді (2023 ж. – 80%, 2024 ж. – 71,4%). Көкшетау қаласында жылу көздері мен желілер бойынша жоспарланған жұмыстар 100%-ға орындалды. Жылу беру маусымы қалыпты режимде өтті, нормативтік көмір қоры жиналған, тапшылық жоқ.

Көкшетау қаласында жылу тапшылығын шешетін жылу-электр орталығының құрылысы басталды. Бірінші кезегі 2028 жылы іске қосылады (120 МВт электр қуаты, сағатына 180 гигакалория жылу), екінші кезегі 2029 жылы (240 МВт электр қуаты, 520 гигакалория жылу).

ТАЗА СУ БАҒДАРЛАМАСЫ

Сумен жабдықтаудың тұрақтылығы мен сапасына 36 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Биыл 77 ауыл сумен қамтамасыз етіледі. Оның 36 ауылы – жаңа су құбырлары желілерін салу арқылы (20 мың тұрғын), 16 ауылда жұмыстар аяқталған. 41 ауылда кешенді блокты-модуль орнатылды (6 мың тұрғын).

Су сапасын жақсарту үшін 17 ауылдағы су құбырлары желілерінің реконструкциясы аяқталды, оның ішінде 7 ауылда жұмыстар толықтай бітті. Тағы 10 ауылда реконструкция жыл соңына дейін аяқталады.

Тамыз айында Көкшетау қаласында жаңа су тазарту құрылысы іске қосылды. Кешен заманауи технологиялармен жабдықталып, күніне 30 мың текше метр су тазалай алады.

ЭНЕРГЕТИКА

Биыл электр желісінің 165 км қамтитын алты жоба іске қосылады (Қараөткел, Ақмол, Қаражар, Жалтыркөл, Жібек жолы ауылы, Қосшы қаласы). Бұл 30 мыңнан астам тұрғынды үздіксіз жарықпен қамтамасыз етеді.

Қосшы қаласында (61,5 мың адам) электр энергиясы тапшылығын шешу үшін үш қосалқы станция жобалануда («Северная» және «Гарден Виладж» – реконструкция, «Жаннат» – жаңа). Қосалқы станциялар 9 шағын ауданды тұрақты электрмен жабдықтайды.

Көкшетау қаласында келесі жылы екі қосалқы станция («Сарыарқа» және «Жақсылық») салу жоспарлануда, олар жаңа кәсіпорындарға қосымша қуат береді.

ГАЗДАНДЫРУ

Газдандыру жылу ғана емес, өңірдің экологиясына да мол пайда әкеледі. Аршалы ауданында 17 ауыл газбен қамтылды (44 мың адам, 570 км құбыр). Биыл 6 елді мекен (48 мың тұрғын) газдандырылды. Қосымша 2 ауылға (22 мың тұрғын) газ беріледі, келесі жылы басқа 6 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі (113 мың адам).

Газдандыру кезінде әлеуметтік осал топтарға көмек қарастырылған (Аршалы – 100 АЕК, Целиноград – 70 АЕК, Қосшы – 100 АЕК).

ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АБАТТАНДЫРУ

Көкшетау қаласында негізгі нысандар біріктіріліп (Мәңгілік алау паркі, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы, Сагдиев көшесі) туристік маршрутқа айналды. Қосшы қаласында 614 млн теңгеге екі жаңа сквер ашылады, нысандарда көгалдандыру, жарықтандыру, асфальт төсеу және шағын сәулет элементтері орнатылады.

СУ ТАСҚЫНЫ

Облыста 494 көл, 111 өзен бар. Су тасқынынан қорғану мақсатында Қалқұтан, Нұра, Шағалалы, Жабай өзендері тазаланып, түбі тереңдетілді (жалпы ұзындығы 44 км). 18 қауіпті гидротехникалық құрылыс нығайтылып, қалпына келтірілді. 46 км арна мен арық жөнделді, 28 км қорғаныс біліктері нығайтылды.

Астрахан, Сандықтау және Зеренді аудандарында су басу қаупі бар аймақтардан 37 отбасы қауіпсіз жерге көшірілді.

ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ

Облыста 8 мың км жол бар, оның ішінде республикалық – 2,3 мың км, облыстық – 2,7 мың км, аудандық – 3 мың км. Биыл жолдарға 115 млрд теңге бөлінді (өткен жылы – 106 млрд). Соңғы үш жылда жергілікті маңызы бар жолдардың 2,5 мың км салынып, жөнделгені атап өтілді.

ТУРИЗМ

Облыс туризмнің бес драйверінің бірі болып табылады. Жарты жылдық көрсеткіш – 14 млрд теңге (121% өсу), туристер саны – 900 мың адам, болжам бойынша жылдық көрсеткіш 1,5 млн адамнан асады.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағында 8 алаң, 10,2 км веложол, Бөлектау эко жаяу жолы ашылды. Маусымда тікұшақ экскурсиясы іске қосылды, шағын әуежай мәселесі пысықталуда.

БІЛІМ БЕРУ

Облыста апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешілді. Соңғы екі жылда 24 жаңа мектеп (19 220 орын) салынды. «Келешек мектептері» жобасы аясында 12 200 орынға арналған 9 мектеп ашылды (7-сі ауылдық жерлерде).

Көкшетауда «Білім-инновация» лицей-интернаты (600 орындық жатақхана), Щучинск қаласында IT-лицей (300 орындық жатақхана) салынды. Еңбек мамандықтары жылы аясында 750 орындық 2 жатақхана ашылды.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Облыста 43 жаңа медициналық нысан салынды (38 – «Ауылдық денсаулық сақтау» ұлттық жобасы), олар 130 мың ауыл тұрғынын қамтиды.

Көкшетауда 630 орынға арналған жаңа көпбейінді аурухана салынып жатыр (332 млрд теңге, 2025–2027 жж.). Қосшы қаласында 1000 орындық емхана, 350 төсек-орындық аурухана салынып, 2026 жылы ашылады (жұмыс орны – 1 700).

Степняк қаласында 200 орындық емхана мен 45 төсек-орындық аурухана құрылысы аяқталды.

СПОРТ

Денсаулықпен бірге спортты дамыту өте маңызды. Жыл басынан бері ақмолалық спортшылар республикалық және әлемдік деңгейде 798 медаль жеңіп алды (269 алтын, 260 күміс, 269 қола).

Облыс құрамасы тарихта алғаш рет Қазақстанның алтыншы қысқы спартакиадасында бірінші орынға ие болды (16 алтын, 9 күміс, 4 қола). Сондай-ақ, біздің спортшылар Әлемдік универсиададан (Италия, Турин) және тоғызыншы Қысқы Азия ойындарынан (Қытай, Харбин) 13 жүлдемен оралды. «Арлан» хоккей клубы үш мәрте ҚР Кубогінің жеңімпазы және үш мәрте Қазақстан чемпионатының тұрақты чемпиондары атанып отыр.

Бұл жетістіктер спорт инфрақұрылымын дамытуға тікелей байланысты. Биыл 7 заманауи спорт нысаны салынды, жыл соңына дейін тағы 7 нысанның құрылысы аяқталады:

  • Красный Яр, Бестөбе, Корғалжын, Жақсы ауылдарында ФОК-тар
  • Макинск қаласында бассейн
  • Щучинск қаласындағы Спорт сарайы
  • Көкшетау қаласындағы көпфункционалды спорт кешені
  • Мемлекеттік арнайы қордан салынған алғашқы нысан – Зеренді ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі.
  • Жалпы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында келесі спорт нысандары бой көтерді:
  • Қосшы қаласында көпсалалы комьюнити-орталығы (Болат Өтемұратов қоры, 20 млн доллар)
  • Көкшетауда «ФИФА АРЕНА» спорт алаңы және «Шахмат үйі» (Қазақстан шахмат федерациясы)
  • Степногорск қаласында Спорт сарайының құрылысы басталды («Алтыналмас», 12 млрд теңге, аяқталуы – 2026 жыл)

ЦИФРЛАНДЫРУ

Ақмола облысы бірыңғай цифрлық басқаруға көшуге бағытталған цифрландыру стратегиясын бекітті.
Негізгі құрал – ДиДжитал Ақмола, ол барлық маңызды салалардың деректерін жинайды, пысықтайды және талдайды.

Цифрлық шешімдерді енгізу арқылы өңір жеделдік пен қауіпсіздікті арттыруда. Барлық шұғыл және сервистік қызметтерді ықпалдастыру үшін Эй Ай Көмек бірыңғай интеллектуалды платформа құрылды. Пилоттық іске қосу АйКөмек-109 және 112 қызметтері арқылы жүзеге асты. Жыл соңына дейін 103 қызметін интеграциялау жоспарлануда, сондай-ақ 102 қызметімен интеграция мәселесі қарастырылуда.

Жасанды интеллект технологияларын енгізу:

Жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілерді, кәсіпкерлер мен жастарды қоса алғанда, 2 500 тұрғыны оқумен қамтылды.

Денсаулық сақтау саласында дәрігердің ЖИ-ассистент жобасы енгізілді (Көкшетау, Степногорск, Қосшы, Ақкөл). Жүйе қабылдауды тіркейді, маңызды ақпаратты алады, құжаттаманы толтырады және 80%-ға дейін алдын ала диагноз ұсынады.

Ақмола облысында әлеуеті мен мүмкіндігі жеткілікті әлеуметтік-экономикалық өсім үшін барлық бағыттар белсенді дамуда. Қысқа баяндамада барлық жұмыстарды атап өту мүмкін емес, бірақ облыс әкімінің баяндамасынан экономикалық өрлеуге жан-жақты дайындық, кешенді іске асыру үрдісі анық көрінеді.

Облыс экономикасы, әлеуметтік және мәдени-рухани дамуды кешенді түрде қолға алып, жалпыұлттық (мемлекеттік) даму бағдарымен үндес жобалар ұсынып отыр.

Әкімге және оның командасына іске сәт!

Әбдірашит Бәкірұлы

Пікірлер