Мемлекеттік қызметтегі тың мүмкіндіктер

770
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KEDdwnbaSH0BXjpQ7ViVZp1OjrBEeyywm9SjxPBp.jpg

Халықпен тікелей байланысатын, көппшіліктің көңілін күпті еткен жайларды шешуге өкілетті тұлғаға қойылатын талаптар өлшемі уақытқа сай жаңа сатыға көтерілді.

Мемлекеттік қызметші келбеті қандай болуы керек, оған қажетті адами, кәсіби қасиеттер қандай, мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру – мемлекет үшін, қоғам үшін маңызды мәселе. Міне, сондықтан да елімізде мемлекеттік қызмет халыққа барынша ашық болып, заманауи цифрлық технологияларды қолдану арқылы бюрократияны болдырмайтын, жаңаша  ойлайтын жас мамандарды тартуға баса назар аударылады. Бұл жастардың мақсатты бағытын айқындап, мансаптық өсуіне,  мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жаңашыл жүйе

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке қабылдау  кезінде артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасы бойынша 2022 жылғы 30 желтоқсанда
«ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңға тиісті түзетулер енгізілді.

Осы өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттік органдардың басшылық лауазымдарына Агенттікпен келісім бойынша конкурссыз тікелей тағайындау тетігін белгіледі.

Бұл мемлекеттік органдарға білікті және салалық тәжірибесі бар мамандарды тартуға мүмкіндік берді.

Жастарға үлкен жауапкершілік артылады

Бүгінгі күні мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасуын жеңілдетуге, ашықтықты қамтамасыз етуге, конкурстық үрдістерді қысқартуға бағытталған. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке қабылдауды оңайлату үшін жаңа мүмкіндіктер жасалды. Қазақстан мемлекеттік қызметтегі кадр саясатында прогрессивті көзқарас бағытын қолдайды.

Үздік түлектерді мемлекеттік қызметке тарту бағытында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде жоғары үлгерімін көрсеткен және грант бойынша білім алған жоғары оқу орындарының түлектері мен оқуды табысты аяқтаған Мемлекеттік басқару академиясының түлектері үшін «Б» корпусының жекелеген басшылық лауазымдарына конкурс өткізілместен орналасуы Заңмен реттелгенін айту қажет.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасуын жеңілдетуге, ашықтықты қамтамасыз етуге, конкурстық үрдістерді қысқартуға бағытталған. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке қабылдауды оңайлату үшін жаңа мүмкіндіктер жасалды.

Отандық жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен жоғары үлгеріммен аяқтаған жастарға конкурссыз кіру мүмкіндігі берілді. Бүгінде үздік түлектер конкурссыз аудандық және ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметке қабылдануда.

Нәтижесінде, жаңашылдыққа байланысты елімізде оқу көрсеткіші 3,33 баллдан төмен емес 752 маман лауазымдарға конкурс өткізілместен орналасты. 

Конкурстан тыс тағайындалған түлектердің 25-і облыстық, 437-і аудандық және 270-і ауылдық деңгейдегі лауазымдарға тағайындалған.Мемлекеттік қызмет жүйесіне алғаш енгізілген институт білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, жас мамандарды өз ауылдары мен аудандарына қайтаруға, өңірлердегі кадр тапшылығын төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіру рәсімін жеңілдетуге ықпал етті.

Бұл жас мамандардың өңірлерге, алыс ауылдарға барып, жергілікті жерлердегі қызметшілердің сапалық құрамының білімді жас кадрлармен толығуына себепші болып отыр.

«Жеделдетілген цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді қолдануға көшу барысы – іріктеудің тиімділігін арттырудың жаңа мүмкіндіктерін аша түседі», – дейді агенттіктегі мамандар.

Мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау рәсімін цифрландыру

Азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа іріктеу жүйесі әзірленді.

Ол үшін мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін, оның ашықтығы мен объективтілігін толық цифрландыруды қамтамасыз ететін «E-Qyzmet» жүйесінің сыртқы порталы іске қосылды.

Жаңа іріктеу форматы үміткерлерге конкурсқа өзі қалаған уақытта және кез-келген жерден қатысуға мүмкіндік берді, «адами фактордың» ықпалын болдырмау шаралары жүргізілді (іріктеу кезеңдерінен өту кезінде жеке деректерді құпияландыру мақсатында үміткерлерге ID-нөмір беріледі және тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етіледі), тестілеу жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің саны екі есеге қысқартылды (9-дан 4-ке дейін).

Жаңа жоба бойынша бір орынға үміткерлердің қатысу саны 4,9 адамды құрады.

Біліктілік деңгейі – басты тақырып

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Агенттікке мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерге қойылатын біліктілік талаптарын келісу функциясы берілді. 

Осыған орай, мемлекеттік қызметтің жеке және квазимемлекеттік сектордағы кәсіби мамандарға барынша ашық болуына мүмкіндік жасау мақсатында үлгілік біліктілік талаптары бекітілді. 

Жаңадан қабылданған біліктілік талаптар мен мемлекеттік лауазымдардағы және функционалдық бағыттар бойынша жалпы жұмыс өтілін бірге есепке алу қарастырылған.  

Осылайша, әкімшілік лауазымдарға әлеуеті сай келетін кандидаттардың қатары кеңейтіліп, еңбек нарығының барлық секторындағы түрлі жұмыс тәжірибесін есепке алу мүмкіндігі берілді.

Сонымен қатар, нақты лауазымның функционалдық бағытына сәйкес білім деңгейі бойынша жаңа талаптар да белгіленді. 

Соңғы үш жылда мемлекеттік органдардың 25840 біліктілік талабы қаралып, оның 11149-на келісім берілді.

Мемлекеттік қызметші атану – адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуын талап етеді. Және ең бастысы өзгеге үлгі бола білуі қажет. Осы бағыттағы игі істер жалғасын табады.

Президенттік жастар кадр резерві – үлкен мүмкіндік

Жуырда ғана Президенттік жастар кадр резервіне төртінші іріктеу аяқталды. Мыңдаған қатысушылардың арасынан өзін таныта білген 50 үздік жас маман резервке қабылданды.

Бұл – жастар үшін мемлекеттік қызметте өз әлеуетін толық көрсетуге, білімі мен біліктілік деңгейіне, кәсіби дағдыларына сүйене отырып ілгерілеуге берілетін зор мүмкіндік, артылған сенім.

Мемлекет басшысы «Жастар кадр резерві дегеніміз – мемлекеттің резерві. Мәселе үлкен бастық болуда емес, резерв өкілі болудың мәні – ел үшін аянбай еңбек етуде» деген болатын. 

Президенттің тікелей бастамасымен қолға алынған бұл жоба еліміздің жаңа формациядағы, білімді, жауапты әрі отаншыл жастарын мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған ерекше стратегиялық маңызға ие.

Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесіне білімді, жауапкершілікті және жоғары кәсіби білікті жастарды тарту.

Ниет білдірген 31 мыңнан астам үміткердің ішінен 7 436 адам іріктеуге қатысуға жіберілді. Алты кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде резервке 50 үздік жас маман қабылданды. Бір орынға 148 адамнан келіп, бұл көрсеткіш 2023 жылғы іріктеумен салыстырғанда 16%-ға жоғары болды.

Қатысуға ниет білдірушілер саны әр іріктеу сайын өсуде. 2019-2023 жылдары өткен үш іріктеу аясында резервтің порталына 66 мыңға жуық адам тіркелсе (2019 ж. – 13 мың, 2021 ж. – 22 мың, 2023 ж. – 31 мың), биыл – бұл көрсеткіш 31 мың адамды құрады.

Бұл еліміздің прогрессивті жастары тарапынан аталған бастамаға деген қызығушылықтың артуының тағы бір дәлелі.

Биылғы резервке қабылданған резервшілердің құрамдық сапасы келесідей.

Резервшілердің орташа жасы 31-де, ал орташа еңбек өтілі
9 жыл. Резервшілер арасында әйелдердің үлесі 28% (14 адам), ерлер – 72%-ды (36 адам) құрайды. 

Резервшілердің ішінде 8 адамның жоғары білімі бакалавриат деңгейінде, 38 магистратураны, ал 4-еуі докторантура бағдарламасы бойынша оқуын тәмәмдаған. Бұл – жастардың сол мүмкіндігін, зор әлеуетін көрсетеді. 

Резервке бұдан бұрын қабылданған резервшілер (400) туралы айтатын болсақ, олардың 321-і (80%) түрлі секторларда, оның ішінде 38 – саяси лауазымдарда, 5 – «А» корпусында,
3 – Парламент Мәжілісінің депутаты, 1 – мәслихат депутаты болып жұмыстарын атқаруда.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың айтқанындай, жастарымыздың бойындағы тасқындаған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру – Агенттіктің стратегиялық міндеттерінің бірі. 

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Пікірлер