Атырау облысының Махамбет ауданында кеміргіштер жаппай көбейіп, тұрғындарға қолайсыздық тудыруда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК-ға сілтеп.
Мәселеге байланысты Бейбарыс пен Талдыкөл ауылында екі мектеп пен екі балабақша жабылды.
Аудандық білім бөлімі өңдеу жұмыстары 19 қарашадан бері жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Ғимараттардың іші-сырты толықтай өңделуде — профилактикалық шаралар да, бар кеміргіштерді жою жұмыстары да қатар атқарылып жатыр. Дератизация жүргізу үшін жеке компания тартылды. Жоспар бойынша шаралар бір аптаға созылады», — деді Махамбет ауданы білім беру бөлімінің басшысы Венера Қабышева.
Тұрғындардың айтуынша, үйлер мен қора-қопсыға қаптаған тышқандардан жағымсыз иіс шығып, тыныс алу қиындаған. Олар мұндай көлемдегі кеміргіштерді бұрын-соңды көрмегенін айтады.
«Бір сұмдық болды! Он күннен бері тоқтар емес. Үй тышқанға толып кетті. Мысықтың өзі үлгере алмай жатыр. Қақпан қоямыз, у шашамыз, дезинфекция жасаймыз – бәрі пайдасыз. Ертең бұл бір індетке әкелсе, оған кім жауап береді?» — деп ашынды ауыл тұрғындарының бірі.
Тұрғындар күн сайын ондаған кеміргішті жинап, өртеп жатқанымен, олардың саны азаймай тұр. Ауыл әкімі олардың жаппай көбеюіне былтырғы су тасқыны себеп болуы мүмкін екенін айтты. Қазір жергілікті халыққа зиянкестерге қарсы арнайы құралдар таратылып жатыр.
Мамандар кеміргіштерден инфекцияның бар-жоғын тексеріп, жұқтырғандары анықталмағанын хабарлады.
Ұлттық Комиссия балалар мен жасөспірімдер арасындағы қадағалаусыз қалудың алдын алу шараларын күшейтуді ұсынады