Тағы бір баланың тіс емдеуде қаза тапқаны әшкере болды. Полиция істі жауып тастаған

136
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2BAUPsW17uKVL43Vps4U4kFoOTP53FxXsyFD7jlI.webp

Алматыда жеке стоматологиялық клиникада ем қабылдаған үш жастағы бала қайтыс болды. Бұл туралы Tengrinews.kz редакциясына марқұм бүлдіршіннің туыстары мәлімдеген, деп хабарлайды "Адырна".

 Ата-анасы дәрігерлердің салғырттыққа жол бергенін айтып, бұл өлімге ықпал етуі мүмкін деп есептейді.

Қайғылы жағдайдан кейін полиция қылмыстық іс қозғаған, алайда екі айдан соң іс тоқтатылған. Туыстары бұл шешіммен келіспей отыр.

Бала 13 сәуір күні таңертең жоспарланған стоматологиялық операцияға жеткізілген. Тәтесінің айтуынша, дәрігерлер 20 тіс емделетінін, процедураның төрт сағатқа созылатынын айтқан.

«Баланы 7:00-де операцияға апарды. Ол бес жарым сағаттан артыққа созылды, “Севоранмен” жасалды. 13:30-да шығарып бергенде бала әлсіз күйде болды. Бізге үйге апара беруге болады деді, бақылауда қалдырмады», – дейді ол.

Үйге келген соң бала есін толық жия алмаған. Сол күні кешке жағдайы нашарлап, ұстамалар басталған.

«Жедел жәрдем ұзақ келмеді. Ата-анасы өздері ауруханаға барған, бірақ құтқара алмады», – дейді туысы.

Бала 13 сәуірде қайтыс болған.

Марқұмның туысы қылмыстық іс қозғалғанын, алайда екі айдан соң жабылғанын айтады.

«Бізді хабарландырмады. Әкесі РОВД-ға барған кезде ғана іс тоқтатылғанын білді. Ешкім жауапқа тартылмады. Тергеу үстірт жүргізілді», – дейді ол.

Ата-анасы клиникаға сотқа дейінгі шағым жолдаған. Онда олар баланың жағдайы нашарлағанын бірнеше рет хабарлағанын, алайда клиника қызметкерлері «бәрі қалыпты» деп сендіргенін жазған.

Сот-медициналық сараптама бойынша баланың өліміне ми ісінуі бар энцефалопатия, жедел бүйрек жеткіліксіздігі, жедел ЖРВИ себеп болған.

Туыстар бұл қорытындымен келіспейді.

«Балада операция алдында ешқандай вирустық белгілер болмаған. Қан талдауы да оны көрсетеді», – дейді отбасы.

Олар баланың өліміне ұзақ наркоз және “Севоранды” қолдану себеп болды деп санайды.

«Қазір толық және объективті тергеуді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүргізіліп жатыр. Материалдар сапа мен қауіпсіздік бойынша уәкілетті органға жолданды», – деп жауап берді.

Клиника адвокаты Елена Жанатова дәрігерлердің әрекеті хаттамаға сәйкес болғанын айтады.

«ЖРВИ белгілері анықталған жоқ, наркозға қарсы көрсетілім болмады», – дейді ол.

Сонымен қатар, ол 20 тісті бір сеанста емдеу халықаралық практикаға сай екенін атап өтті.

«Процедура кезінде өмірлік көрсеткіштері тұрақты болды. Оянғаннан кейін анестезиолог қарап, үйіне жіберді», – деді адвокат.

Клиника барлық медициналық құжатты тергеушілерге тапсырған.

Айта кетсек, бұған дейін Астанада үш жасар қыз жеке клиникада 18 тіс емделгеннен кейін қайтыс болған. Процедура 3,5 сағатқа созылған. Қазір іс сотта қаралуда.

Стоматолог Искандер Ишановтың айтуынша, «Севоран» қолданылған жағдайда көп тісті бір сеанста емдеу қалыпты тәжірибе.

Алайда ол қауіпсіздік дәрігер мен анестезиологтың тәжірибесіне тікелей байланысты екенін айтады.

«Кей клиникалар әлеуметтік желідегі жарнамаға ғана назар аударады. Ал ата-аналар дәрігердің тәжірибесіне қарамайды – бұл үлкен қауіп», – дейді маман.

Ол сондай-ақ лицензиясыз «Севоран» қолданатын клиникалар барын айтты.

Пікірлер