Санкт-Петербург қаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш қайраткерлеріне қатысты бұрын ғылыми айналымға енбеген сирек кітаптардың ескі басылымдары табылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Almaty.tv-ға сілтеп.
Ресейдің мәдени астанасына іс-сапармен барған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері тарихи маңызы зор 400-ге жуық құнды кітаптың ескі басылымын электронды форматта елге жеткізді.
Зерттеу жұмыстарына қатысқан тіл маманы Әсем Нышанәліқызы әріптестерімен бірге Санкт-Петербургтегі Ресей Ұлттық кітапханасы, Орталық ғылыми кітапхана, Шығыстану институты және кино-фото-фон құжаттар архиві сынды бірнеше іргелі мекемелерге барып, бұрын қолжетімсіз болып келген еңбектермен танысқан.
"Көптеген кітапхана мен архивтерде жұмыс істедік. Өкінішке қарай, түпнұсқалардың өзін алып шығуға мүмкіндік болмады, себебі талаптар мен шектеулер бар. Сондықтан барлық материалды суретке түсіріп, электронды форматта жинақтап әкелдік", — дейді Әсем Нышанәліқызы.
Сапар барысында зерттеушілер Телжан Шонанұлының бұрын беймәлім болып келген еңбектерін, Міржақып Дулатұлының тың аудармаларын, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» кітабының ең алғашқы басылымдарын анықтаған.
"Бұрын біз қол жеткізе алмаған көптеген деректер табылды. Санкт-Петербург бұрын империя астанасы болғандықтан, сол кезеңде шыққан еңбектердің бір данасы міндетті түрде мұнда жинақталған. Кітаптар өте жақсы сақталған", — дейді Ахметтану бөлімінің меңгерушісі Ермұхамед Маралбек.
Ал зерттеуші Әйгерім Құралбай Міржақып Дулатұлының есеп құралдарының Қазақстанда жоқ алғашқы басылымдары Ресей архивтерінен табылғанын атап өтті.
"1914 жылғы бірінші және екінші жылдықтардың түпнұсқа басылымдарын сол жерден алдық. Бізде тек сапасы төмен, толық емес нұсқалары ғана бар еді", — дейді ол.
Алдағы уақытта жас ғалымдар Омбы, Баку сияқты ғылыми-мәдени орталықтарға экспедиция жасап, Алаш мұрасына қатысты басқа да сирек кітаптардың ескі басылымдарын іздестіруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, 1937 жылы 8 желтоқсан күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атылған. Ол сталиндік репрессия құрбаны болды.