Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов және бауырлас түрікмен халқын айтулы дата – Түркіменстанның тұрақты бейтараптығына 30 жыл толуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы мерейлі сәтке орай ұйымдастырылған халықаралық форумда көтерілетін мәселелердің маңызын атап өтті.
«Ашхабад секілді көркем шаһарға шақырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мұнда келген сайын қонақжай пейілдеріңізді, туыстық әрі достық көңілдеріңізді сезінеміз. Ертеңгі форум өзіне жүктелген міндетті толық атқарып шығатынына және халықаралық қатынастар тарихында айтулы уақиға болатынына сенімдімін. Өйткені бұл жиында бейбітшілік, бейтараптылық және сенім секілді ең өзекті тақырыптар қозғалады. Қазіргі әлемге жетпей тұрғаны да осы құндылықтар»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективасын талқылады. Сердар Бердімұхамедовтің таяуда Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысына айрықша мән берілді. Өз кезегінде Түркіменстан президенті Мемлекет басшысымен Ашхабад қаласында жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
«Осы халықаралық деңгейдегі форумға қатысу арқылы сіз бейбітшілікті, сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға бейіл екеніңізді көрсетіп отырсыз. Халықаралық бейбітшілік және сенім форумына шақыруымды қабыл алғаныңыз үшін алғыс айтамын. Өзіңізбен түрікмен жерінде кездесу біз үшін зор мәртебе»,- деді Сердар Бердімұхамедов.
Мемлекеттер басшылары өзара сауда көлемін арттыру, экономикалық байланыстарды күшейту, энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.
Бұдан алдын Түркіменстан бейтараптығының 30 жылдығына арналған халықаралық шолуға барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайда Түркіменстан Халық мәслахаты алқасының басшысы, экс-президент Құрбанғұлы Бердімұхаммедов қарсы алып, әуежайда екеуара елдер қатынасы туралы пікір алмасқан болатын.
Қарағанды облысы қарқынды дамып келеді: жаңа зауыттар, жұмыс орындары және халықтың тұрмысына қолайлы жағдайлар