Алматы – Бангкок бағытындағы ұшақта жолаушылар төбелес шығарған. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Кадрлардан ер адамдардың бір-біріне соққы жасап жатқанын, ал айналасындағылардың жанжалды тоқтатуға тырысқанын көруге болады. Әлеуметтік желілердегі мәліметке сәйкес, оқиға Air Astana әуе компаниясының рейсінде болған.
Бұл оқиғаға қатысты Көлік полициясы департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
«Алматы қаласының әуежайында Алматы – Бангкок бағыты бойынша ұшатын әуе кемесінің бортынан желілік полиция қызметкерлері төрт шетел азаматын түсірді. Олардың екеуі мас күйде болған. Араларында жанжал шығып, төбелеске ұласқан», – деп хабарлады ведомство.
Полиция мәліметінше, әуе кемесінің бортында бұзақылық әрекет жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Құқық бұзушылардың екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», – деп нақтылады полиция.