Бейбітшілік жоспары. Украина Донбастан әскерін шығарудан бас тартты

220
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/k0Jyvqu2dk8qafCh4tVOjCdbxtShfxoDPbf1nvh8.jpg

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-та өткен келіссөздер барысында америкалық тарапқа ұсынылған 20 тармақтан тұратын жоспарды жариялады. Құжаттың негізгі ережелерін РБК-Украина агенттігі Зеленскийдің журналистермен кездесуінен кейін таратты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жоспардың бір тармағына сәйкес, Украина Донбасс аумағынан әскерін шығарудан бас тартады.

Жоспарда Украинаның егемендігін растау, Ресей мен Украина арасында шабуыл жасамау туралы келісім (байланыс шебінде мониторинг жүргізілуі мүмкін, нақты тетіктер көрсетілмеген), сондай-ақ қауіпсіздік кепілдіктері қарастырылған. Бейбіт кезеңде Украина Қарулы күштерінің саны 800 мың адам деңгейінде бекітілуі ұсынылады. Қауіпсіздік кепілдіктерін НАТОжарғысының 5-бабына ұқсас форматта АҚШ, НАТО және Еуропа елдері беруі тиіс делінген.

Алтыншы тармақ Ресейдің Украина мен Еуропаға қарсы шабуыл жасамау міндеттемелерін бекітуді көздейді. Жетінші тармақта Украинаның Еуроодаққа «тиісті уақытта» кіруі көрсетілген (мерзім әлі нақтыланбаған). Сегізінші тармақ Киевке «жаһандық көмек пакетін» беруді, тоғызыншысы қалпына келтіру мақсаттарына арналған 800 млрд долларлық қор құруды қарастырады. Оныншы тармақта Украина АҚШ-пен еркін сауда туралы келісімді жеделдетуге міндеттеме алады.

11-тармақ Украинаның ядролық қарусыз мемлекет мәртебесін бекітеді. 12-тармақ Запорожье АЭС-іне қатысты, алайда бұл мәселе бойынша тараптар ортақ келісімге келе алмағаны айтылған. АҚШ станцияны АҚШ–Ресей–Украина бірлескен басқаруына беруді, жетекші рөлді Вашингтонға жүктеуді ұсынады. 13-тармақ мектептерде түрлі мәдениеттерге төзімділікті арттыратын білім беру бағдарламаларын енгізуді қамтиды. 14-тармақ аумақтық мәселелерге арналған, мұнда да АҚШ пен Украина арасында ортақ ұстаным жоқ, Киев Донбастан әскерді шығармайтынын тағы да мәлімдеген.

Қорытынды бөлімде тараптардың келісімдерді күшпен өзгертпеу міндеттемелері, Днепр өзенімен кеме қатынасының еркіндігі, тұтқындарды формула бойынша алмастыру қарастырылған. Украина келісімге қол қойылғаннан кейін мүмкіндігінше тезірек сайлау өткізуге уәде береді.

Құжат заңды күшке ие болады, оның орындалуын Бейбітшілік кеңесі бақылайды, кеңеске АҚШ президенті Дональд Трамп төрағалық етеді. Барлық тарап келісімге келісімен атысты тоқтату режимі дереу күшіне енеді.

Бұған дейін Ресей президенті әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Киев жоспарының бірқатар тармақтары Мәскеуді қанағаттандырмайтынын бірнеше рет айтқан. Атап айтқанда, Ресей Украинаның Донбасс аумағынан әскерін толық шығаруын, Киевтің НАТО-ға мүшеліктен бас тартуын және украин армиясының санын шектеуді талап етіп отыр.

Пікірлер