Оқулықты дұрыс таңдау – көзге көрінбейтін, бірақ маңызды шешім

333
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cPmDkH9Hp2TnNc82DN3a3IgXalHsjfK4k4ddZv5J.jpg

Оқулықты дұрыс таңдау – баланың білім сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Arman-PV баспасының бас директорының орынбасары Қымбат Қараевамен сұхбат барысында еліміздегі оқулықтардың рөлі, авторлық құрам және цифрлық шешімдер жайлы толық ақпарат алуға мүмкіндік туды.

Қымбат ханым, Қазақстанда білім сапасы туралы әңгіме әрдайым оқулықтан басталады. Сіздің ойыңызша, оқулықтың рөлі қаншалықты?

Оқулық – баланың ойлау тілі. Бала мәтінді қалай оқыса, солай ойлайды. Ақпарат қалай құрылса, солай қабылдайды. Сондықтан оқулық баланың логикасын, дүниетанымын, тілдік мәдениетін қалыптастыратын орта. Қазір біз 20262027 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеумен айналысып жатырмыз. Дайын болған материалдар мемлекеттік сараптамадан өтуде. Барлық жұмыс мемлекеттік білім беру бағдарламасына сүйеніп жүргізіледі. Бағдарламада белгіленген талаптар, күтілетін құзыреттер, оқу нәтижелері оқулық мазмұнына жүйелі түрде енгізіледі. Біз үшін мазмұнның логикалық құрылымы, тіл тазалығы, баланың қабылдау ерекшелігіне сай берілуі шешуші мәнге ие.

Нақты қандай оқулықтар дайындалып жатыр?

– Қазіргі уақытта 34 сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Қазақ тілі» (орыс тілінде оқытатын мектептер үшін), «Русский язык», «Литературное чтение», «Математика», «Познание мира», «Дүниетану» оқулықтары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар 59 сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттер», «Глобальные компетенции», «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Физика», «География», «Русский язык», «Русский язык и литература» оқулықтары дайындалуда. Өткен жылы осы кезеңде 20252026 оқу жылына арналған оқулықтармен жұмыс істелген болатын. Қазір сол кітаптармен еліміздің әр өңірінде мыңдаған бала білім алып отыр. Мазмұнның сапасы, тілдің анықтығы, ойдың тазалығы біз үшін аса маңызды. лық арқылы ойлауды үйренеді. Сұрақ қоюды, салыстыруды, пайымдауды меңгереді.  Өйткені оқулық баланың ішкі ой әлеміне тікелей әсер етеді.

Оқулықты жазатын авторлар кімдер?

– Біздің авторлардың басым бөлігі – мектепте жұмыс істейтін, көп жылдық тәжірибесі бар мұғалімдер. Олар күн сайын сыныпта, балалармен бірге. Баланың қалай қабылдайтынын, қай жерде қиналатынын, қай жерде қызығатынын нақты көріп жүр. Сонымен қатар біз тұрақты түрде семинарлар, әдістемелік кездесулер, онлайн және офлайн талқылаулар өткіземіз, өңірлерге шығып, аудан және ауыл мектептерімен тікелей жұмыс істейміз. Оқулықтың қалай қолданылатыны, тапсырмалардың логикасы, материалды меңгеру жолдары мұғалімдермен бірге талқыланады.

Қазақстанда оқулықты таңдау үдерісі портал арқылы жүзеге асады, мұғалімдер өздері таңдайды деп көрсетілген. Бұл механизм практикада қалай жұмыс істеп жатыр?

– Иә, жүйе бойынша таңдау портал арқылы жүзеге асады және мұғалімдер өздері таңдайды. Бұл – дұрыс қағида. Әр педагогтың тәжірибесі, сыныппен жұмыс істеу тәсілі, әдістемелік ұстанымы әртүрлі болғандықтан, таңдау кәсіби шешімге негізделуі тиіс. Бірақ практикаға қарасақ, кейде бір ауданның барлық мектебі, барлық мұғалімі бір ғана оқулықты таңдаған жағдайлар кездеседі. Мұғалімдердің саны көп, көзқарасы, тәжірибесі әртүрлі екенін ескерсек, мұндай біркелкілік табиғи көрінбейді. Бұл жерде мәселе бір оқулықта емес. Мәселе – таңдаудың қалай қалыптасып жатқанында. Мұғалім өз кәсіби пайымына сүйеніп, саналы түрде шешім қабылдаған кезде ғана бұл үдеріс шынайы таңдау бола алады.

Яғни, бұл жерде формализм қаупі бар деп айтуға бола ма?

– Формализм элементтері кездесуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Құжат жүзінде бәрі дұрыс көрінуі мүмкін, бірақ ішкі мазмұны әрдайым солай бола бермейді. Бұл – жүйе үшін ойланатын мәселе.

Қазір қоғамда «оқулық ауыр», «оқулық түсініксіз» деген пікірлер де жиі айтылады. Мұндай сын сіздерге қалай әсер етеді?

– Бұл – біз үшін өте маңызды сигнал. Егер бала оқулықты түсінбесе, ол білімді қабылдай алмайды. Егер мұғалім оқулықпен жұмыс істеуге қиналса, сабақтың сапасы төмендейді. Сондықтан біз кері байланысқа өте мұқият қараймыз. Әрбір пікір, әрбір ескерту – біз үшін жұмыс материалы.

– Соңғы жылдары жасанды интеллект, цифрлық шешімдер туралы көп айтылып жүр. Arman-PV бұл бағытта не істеп жатыр?

– Біздің Ekitap.kz онлайн платформамыз бар, онда цифрлық оқулықтар орналастырылған. Сол платформаның ішінде ARMAN AI сұрақ-жауап алаңы жұмыс істейді, ол оқушыларға материалды меңгеру барысында көмек көрсетеді. Сонымен қатар визуалды контент дайындауда, құрылымдық шешімдерді жетілдіруде жасанды интеллект құралдары қолданылады. Биыл математика оқулығын әзірлеу кезінде де осы технология мүмкіндіктері пайдаланылды.

Жасанды интеллект оқулықтың мазмұнына араласып кетпей ме деген қауіп жоқ па?

– Жоқ. Себебі жасанды интеллект – құрал. Ақырғы шешімді адам қабылдайды. Мазмұнды бекітетін, тексеретін, жауап беретін – редакция, автор, сарапшы. ЖИ – көмекші, бірақ шешуші рөл адамда қалады.

– Arman-PV қызметі оқулықпен ғана шектелмейді деп айтып жүрсіздер. Бұл бағытта қандай жұмыстар бар?

– Иә, біз қосымша әдебиеттер әзірлейміз, мектеп және қоғамдық кітапханаларға арналған жобаларды шығарамыз. Авторлармен жүйелі жұмыс жүргізіледі, жаңа есімдер іздестіріледі, жас авторларға қолдау көрсетіледі. Бұл – ұзақ мерзімді, саналы түрде жүргізілетін жұмыс. Жақсы автор уақытпен қалыптасады, тәжірибемен өседі, кәсіби ортада шыңдалады. Бұған дейін де айтқанымдай,оқулық ол ұлттың ойлау кеңістігін қалыптастыратын құрал. Сондықтан оқулықты қалай жазамыз, қалай таңдаймыз, қалай қолданамыз – осының бәрі елдің ертеңіне тікелей ықпал етеді.

Пікірлер