Президент Тоқаев үш агенттіктің қызметіне өзгеріс енгізді

164
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sBKyhMcXUKPFi2AmHzlSTVOeUi5u4R0gwLwzaKzx.png

Президент қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарасты бірқатар жарлықтарға өзгеріс енгізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің және Қаржылық мониторинг агенттігінің функциялары кеңейтіліп, нақтыланды.

Құжатқа сәйкес, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы заңнама талаптарының сақталуына бақылау және қадағалау жөніндегі өкілеттіктері нақтыланды. Агенттіктің бақылау аясына Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі, бейрезидент банктер мен сақтандыру ұйымдарының филиалдары, бейрезидент сақтандыру брокерлері, сондай-ақ ұлттық пошта операторы енгізілді.

Сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің функцияларына да өзгерістер енгізілді. Агенттікке тауар биржаларының, биржалық брокерлердің, клирингтік орталықтардың қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы заңнама талаптарын сақтауына бақылау жасау міндеті жүктелді. Сондай-ақ бұл саладағы ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту құзыреті берілді.

Қаржылық мониторинг агенттігі туралы ережеге енгізілген өзгерістерге сәйкес, агенттік күмәнді деп танылған жеке және заңды тұлғалар туралы ақпаратты құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға жолдап, бұл жөнінде Бас прокуратураны хабардар етеді. Сонымен қатар жария лауазымды тұлғалардың, олардың жұбайлары мен жақын туыстарының тізбесін жүргізу құзыреті берілді.

Бұдан бөлек, қылмыстық жазасын өтеп шыққан, бірақ соттылығы алынбаған адамдарды терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты тұлғалар тізімінен шығару тәртібі нақтыланды.

Агенттіктің функциялары көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шараларын қабылдау, қаржылық мониторинг саласындағы тәуекелдерді бағалау және оларды төмендету жұмыстарымен толықтырылды. Сондай-ақ қаржылық мониторинг субъектілеріне мемлекеттік бақылау жүргізу және Үкіметке ұсыныстар енгізу өкілеттіктері берілді.

Аталған Жарлық қолданысқа енгізілді.

Пікірлер