Ақтөбеде емхана тірі адамды "қайтыс болды" деп тіркеген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Диапазонға" сілтеп.
Оқиға өткен жылдың жазында болған. №6 қалалық поликлиниканың дәрігері пациенттердің тіркеу базасына азаматтың қайтыс болғаны туралы қате мәлімет енгізген. Кейін осы дерекке сүйенген АХАЖ органы да ер адамды қайтыс болғандар тізіміне қосқан.
Соның салдарынан ер адам тегін дәрі-дәрмек ала алмай, несие мен салық төлеуде қиындықтарға тап болған. Ол моральдық шығын үшін поликлиникадан 1 миллион теңге талап еткен.
Алайда емхана өкілдері талапты мойындамай, қате дер кезінде түзетілгенін және моральдық зиян келмегенін алға тартты. Дәрігер болса, автоматтандырылған жүйеде техникалық ақау болғанын, оны бірден басшылыққа хабарлағанын түсіндірді.
Сот мемлекеттік органдардың цифрлық базаларында азаматтың қайтыс болғаны туралы жазба оның өзіне және жақындарына моральдық зардап келтіруі мүмкін екенін анықтады. Нәтижесінде сот талапкердің пайдасына шешім шығарып, өтемақы көлемін азайтты.
Судья Зайнуллина емхананы азаматқа зияны үшін 200 мың теңге төлеуге міндеттеді.
Емхана әкімшілігі соттың бірінші сатыдағы шешіміне апелляциялық шағым түсірілгенін хабарлады.