Қазақстанның бес өңірінде су тасқыны болуы мүмкін

224
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BYYYBFli7MX5uYQpssB5zpqslHYpJXBW9U32LBE7.jpg

Синоптиктер 2026 жылға арналған су тасқыны жағдайы бойынша алдын ала болжам ұсынды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Қауіп аймағына Қазақстанның бес өңірі енді.

«Қазгидромет» мәліметінше, болжам суық кезеңде түскен жауын-шашын көлеміне, топырақтың қату тереңдігіне және топырақ бетіндегі мұз қабатының болуына негізделген. Мамандар бұл болжамның алдын ала екенін, ауа райының нақты жағдайына байланысты алдағы уақытта нақтыланатынын атап өтті.

Синоптиктердің дерегінше, батыс пен шығыстың бірқатар өңірлерінде күзгі ылғалдану көрсеткіші нормадан жоғары. 

Әсіресе таулы аймақтардың кейбір нүктелерінде жауын-шашын мөлшері 150 мм-ден асып, жердің шамадан тыс ылғалданғанын көрсеткен.

Ал солтүстік, орталық және оңтүстік өңірлерде ылғал деңгейі негізінен нормадан төмен немесе орташа, кей жерлерде 25 мм-ден де аз болған. Ел аумағының басым бөлігінде топырақ қатқан, тек оңтүстіктің жекелеген аймақтарында ғана еріген топырақ сақталған. Топырақтың ең терең қатуы солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және орталық өңірлерде тіркеліп, 125–148 см-ге дейін жеткен.

Суық кезеңде жиналған атмосфералық жауын-шашын мөлшері шығыс пен солтүстікте нормадан жоғары болса, батыс, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық өңірлерде керісінше төмен болған. Сонымен қатар консультативтік синоптикалық болжамға сәйкес, 2026 жылдың ақпан–наурыз айлары жылы әрі жауын-шашыны орташа деңгейде өтеді деп күтіледі.

Су тасқыны болуы мүмкін өңірлер қатарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облысы бар.

Орташа қауіп деңгейіндегі өңірлерге Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар,  Түркістан, Алматы, Ұлытау және Жетісу облысы бар.

Қауіп деңгейі төмен өңірлерге Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облысы енген.

Пікірлер