Қостанай облысы әкімінің орынбасары ұсталды. ҰҚК растады

109
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/guMDzzkD42lYShoD7FsTohpld976KuTVH10SJRRW.webp

Фото: Қостанай облысы әкімдігі

ҰҚК Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаның ұсталғанын растады, деп хабарлайды “Адырна”.

Бұған дейін бірқатар Telegram-арналарда өңір басшысының орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаның ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы ақпарат тараған болатын.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына ҰҚК берген жауапта.

Айта кетейік, Гүлбарам Мұсағазина Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2024 жылғы шілдеде тағайындалған.

Еске салсақ, 2025 жылғы желтоқсанда лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Доспанов ұсталған. Тергеуді Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері жүргізген. Сот күдіктіні қамауға алуға санкция берген.

Ал 2025 жылғы тамызда медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікпен денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы, аудандық аурухананың бас дәрігері және коммерциялық кәсіпорын директоры ұсталған. Күдіктілер ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен Қостанай облысы прокуратурасының бірлескен жедел-тергеу тобы жүргізген жедел іс-шаралар мен прокурорлық тексеру нәтижесінде ұсталған.

Гүлбарам Мұсағазина 1997 жылы Қостанай ауыл шаруашылығы институтын «АӨК экономикасы және менеджменті» мамандығы бойынша, 2003 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша, 2020 жылы Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін «экономика» мамандығы бойынша (экономика ғылымдарының магистрі) тәмамдаған.

Еңбек жолын 1997 жылдың тамыз айында Қостанай облысы Жітіқара ауданының салық бөлімінде салық инспекторы болып бастаған.

1999 жылдың қаңтарынан 2000 жылдың қазанына дейін Қостанай облысы Жітіқара ауданы Забеловка ауылындағы «Забеловка» ЖШС-інде есеп айырысу бухгалтері болып жұмыс істеген.

2000 жылдың қазанынан 2010 жылдың қаңтарына дейін Қостанай облысы бойынша Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитетіне қарасты қаржылық бақылау инспекциясында түрлі қызметтер атқарған.

2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың маусымына дейін Бас прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінде аға прокурор қызметін атқарған.

2012 жылдың маусымынан 2019 жылдың сәуіріне дейін Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне қарасты Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы болған.

2019 жылдың сәуірінен 2024 жылдың шілдесіне дейін Қостанай облысы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарған.

2024 жылдың шілдесінен бастап қазіргі уақытқа дейін Қостанай облысы әкімінің орынбасары болған. Облыс әкімдігінің сайтында көрсетілгендей, ол өңірдің экономикалық және әлеуметтік даму мәселелеріне жетекшілік етеді: экономика және бюджет, қаржы және мемлекеттік сатып алу, коммуналдық меншік пен тұрғын үй қоры, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар. Сондай-ақ жоғары мемлекеттік органдардың тапсырмаларын орындауға, орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылға және әкімдіктің салалық бөлімшелерінің жұмысын үйлестіруге жауап береді, бірқатар салалық кеңестер мен комиссияларды басқарады.

Пікірлер