АҚШ 21 ақпанда Иранға соққы жасауы мүмкін – БАҚ

312
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/E6SgTNRw3dADt39o362PVX2NvjUc1EhsA7uAxHAg.jpg

АҚШ әскері 21 ақпанда Иранға әскери соққы жасауға дайын. Алайда ел президенті Дональд Трамп әзірге түпкілікті шешімін қабылдамаған. Бұл туралы CBS News жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Материалда Ақ үйде «динамикалық әрі үздіксіз» талқылаулар жүріп жатқаны айтылған. Әкімшілік ықтимал қақтығыстың ушығу қаупін, сондай-ақ саяси және әскери салдарын саралап отыр.

«Пентагон Таяу Шығыстағы әскери контингенттің бір бөлігін уақытша басқа аймақтарға, негізінен Еуропаға немесе АҚШ-қа қайта орналастыруда. Бұл әскери операцияға дайындық белгісі болуы мүмкін, бірақ оның міндетті түрде жүзеге асатынын білдірмейді»,-дейді дереккөздердің бірі.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Иранға соққы жасаудың «көптеген себебі мен дәлелі барын» атап өтті. Алайда ол Трамп үшін дипломатия әрдайым таңдаулы жол болып қала беретінін жеткізді.

Ливитт сондай-ақ АҚШ әкімшілігі маусым айында Иранның ядролық нысандарына қарсы «өте сәтті операция» жүргізгенін еске салды.

«Иран үшін президент Трамп пен оның әкімшілігімен келісімге келу өте дұрыс шешім болар еді», — деді ол.

2025 жылдың маусымында АҚШ Израильдің әскери науқанына қосылып, Иранның негізгі ядролық нысандарына соққы жасаған болатын. Шабуыл нысандары Фордо, Натанз және Исфахандағы жер асты кешендері болды. Кейін тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келген.

Трамп Иранның уран байыту инфрақұрылымы толық жойылғанын айтса, Тегеран айтарлықтай зақым болмағанын мәлімдеді. Бұған дейін Axios басылымы Трамп кеңесшілерінің біріне сілтеме жасап, тікелей қақтығыс алдағы апталарда 90% ықтималдықпен басталуы мүмкін екенін жазған.

17 ақпанда Женевада АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер раунды аяқталды. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің айтуынша, Вашингтон Тегеран үшін «қызыл сызықтарды» белгіледі — ең бастысы, Иран ядролық қаруға қол жеткізбеуі тиіс.

Пікірлер